ТҮРКИЯ
3 ... минут оқылды
Ердоған: «Папаның Түркияға сапары – маңызды қадам»
«Папа XIV Лео шетелге алғашқы сапары аясында жексенбі күніне дейін Түркияда болып, Стамбул мен ежелде Никея деп аталған Изникпен бірге бірнеше қаланы аралайды.
Ердоған: «Папаның Түркияға сапары – маңызды қадам»
Ердоған: «Папаның Түркияға сапары –маңызды қадам» / AA

Түркия Республикасының президенті Режеп Тайып Ердоған Папа XIV Леоның Түркияға сапарын «ортақ ұстанымды нығайтатын аса маңызды қадам» деп бағалады.

Ватикан мемлекетінің басшысы әрі католик әлемінің рухани көшбасшысы Папа XIV Лео шетелге алғашқы сапары аясында бейсенбі күні Түркияның  астанасы Анкараға келді. Папаның сапары Түркия мен Ливанды қамтиды.

Папа Түркия Республикасының президентінің шақыруымен ресми сапар аясында жексенбі күніне дейін Түркияда болады. Ол Анкарамен қатар ежелде Никея ретінде белгілі Изник қаласына және Стамбулға барады.

Президенттік кешенде жасалған ортақ мәлімдемеде Ердоған Папаның сапары аймақтық және жаһандық шиеленістер күшейген сындарлы кезеңге тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті.

Ердоған: «Түркиядан (Папа XIV Леомен бірге) берілетін үндеулердің түрік-ислам әлеміне, әрі христиан әлеміне жететініне және әлемдік бейбітшілік үмітін күшейтетініне сенемін»,- деді.

Кемсітушілік және бейбітшілікпен қатар өмір сүру мәселелеріне тоқталған Ердоған: «Толлеранттылықтың жоқтығы қақтығысты өршітеді, ал қақтығыс бөліну мен өшпенділікті күшейтеді. Батыста өршіп тұрған исламофобия мен ксенофобия осы тұйық шеңбердің айқын көрінісі»,- деді.

Ердоған айналадағы қақтығыстар, дағдарыстар және әділетсіздіктер жағдайында Түркияның жауапкершілік алып отырғанын және бейбітшілік пен әділдікті сақтау үшін жеңіл жолды емес, қиын жолды таңдағанын атап өтті.

Президент Папаның бейбітшілік пен диалог үндеулерінің Ресей-Украина соғысындағы дипломатиялық үдерістің нәтижелі болуы үшін де маңызды екенін жеткізді.

Сондай-ақ Түркия қақтығысты тоқтатуға бағытталған соңғы бастамаларды мұқият бақылап отырғанын және қажетті қолдау мен көмек көрсету үшін жұмыс жүргізіп жатқанын қосты.

Газадағы геноцид

Газа секторында жалғасып жатқан геноцидке қатысты Ердоған: «Адамзат ретінде палестиналықтар  алдындағы ең үлкен борышымыз – әділет. Бұл борышты өтеудің жолы – 1967 жылғы шекараларға негізделген екі мемлекеттен тұратын шешімді жүзеге асыру», - деді.

Ердоған сондай-ақ «Шығыс Иерусалимнің тарихи келбетіне зиян келтіруі мүмкін кез келген агрессияға қарсы бірлесіп әрекет ететінімізге сенемін», -  деп қосты.

Президент Израиль әскерінің Газа секторында шіркеулер мен мешіттерді қоса алғанда, азаматтық аймақтарды нысанаға алып отырғанын атап өтіп, зардап шеккен ғибадатханалардың бірі  Католик шіркеуі басқаратын Газадағы Қасиетті Отбасы шіркеуі екенін айтты.

Сонымен қатар президент қасиетті қала Иерусалимде тарихи мәртебенің сақталуы айрықша маңызды екенін баса айтты.

Тұрақтылықтың қайнар көзі

Рим Папасы Түркияның Жерорта теңізі аймағы мен бүкіл әлемнің бүгіні мен болашағында маңызды орын алатынын мәлімдеді.

Папа Анкараны қақтығыстар ушығып тұрған қазіргі әлемде араағайын болуды жалғастыруға шақырып, «Құрметті президент мырза, Түркия халықтар арасында тұрақтылық пен жақындасудың қайнар көзі болып, әділ және тұрақты бейбітшілікке қызмет етсін»,- деді.

Газа, Украина және өзге аймақтардағы жанжалды шешу бағытындағы Түркияның рөліне тоқталған Папа Лео: «Бүгін бізге бұрынғыдан да табанды ерік-жігер және табандылықпен диалогты ілгерілететін әрі жүзеге асыратын адамдар қажет», - деп атап өтті.

Папа Лео сондай-ақ жаһандық қақтығыстардың үшінші дүниежүзілік соғысқа жол ашуы мүмкін екенін ескертіп, «адамзаттың болашағы қауіпте» екенін, «бұған мойынсұнбауымыз керек» екенін айтты.

Екі дүниежүзілік соғыстан кейін құрылған ірі халықаралық ұйымдарды еске салған Папа: «Біз қазір экономикалық және әскери күш стратегияларынан туындаған жаһандық деңгейдегі қақтығыстардың жоғары деңгейімен ерекшеленетін кезеңде өмір сүріп жатырмыз», -  деп қосты.

Іздеу
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне Газадағы атысты тоқтату туралы үндеу тастады
АҚШ пен Иран арасындағы тығырық «Қырғиқабақ соғысқа”  ұқсас бір кезеңге айналып барады
Парсы шығанағы елдерінің басшылары Иран соғысы басталғалы бері Джиддада алғашқы саммитін өткізді
Украина Туапсе мұнай өңдеу зауытына шабуылдады
Израиль армиясы Батыс Шерияда бір баланы жаралап, тағы бір баланы ұстап алып кетті
Израиль Ливанның оңтүстігінде төрт адамды өлтірді
Ицхак Герцог мінген ұшақ  Қазақстанға  ұзақ айналма бағыт арқылы жетті
АҚШ Иран әуе компанияларына қолдау көрсететін кәсіпорындарға санкция салатынын ескертті
Түркия экспортты арттыру және жаһандық инвестиция тарту үшін ауқымды реформа бастауда
Индонезияның Батыс Ява уәлаятында болған пойыз апатынан 14 адам қаза тапты
Жевдет Йылмаз: «Түркия инвестициялық ортаны күшейтуде»
Еуропа Иран соғысы салдарынан энергияға қосымша 32 млрд доллар жұмсады
Түркия мұсылман қоғамдардың айқындаушы актер болуы керектігін білдірді
АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысын тоқтату үшін Тегеран не ұсынып отыр?
Израиль Ливанның оңтүстігінде 14 адамды өлтірді