“АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерде елеулі ілгерілеу бар”
АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Пәкістанда Иранмен өткен келіссөздерде «елеулі ілгерілеу» болғанын айтты. Алайда ол Ормуз бұғазының толық қайта ашылмауы келіссөздердің барысын «түбегейлі өзгертуі мүмкін» екенін ескертті.
АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Пәкістанда Иранмен өткен келіссөздерде «елеулі ілгерілеу» болғанын айтты. Алайда ол Ормуз бұғазының толық қайта ашылмауы келіссөздердің барысын «түбегейлі өзгертуі мүмкін» екенін ескертті.
Дүйсенбі күні “Fox News” арнасына берген сұхбатында Вэнс: «Жағдайды тек теріс деп айта алмаймын. Менің ойымша, оң нәтижелер де болды. Біз айтарлықтай ілгеріледік», — деді.
Вэнс сондай-ақ Вашингтон келіссөздер барысында өз ұстанымын нақтылағанын, соның ішінде «АҚШ президенті келісімді тиімді деп санауы үшін міндетті түрде орындалуы тиіс шарттарды» айқындағанын атап өтті.
АҚШ-тың талаптары туралы сұраққа Вэнс: «АҚШ президентінің басты талабы — Иран ешқашан ядролық қаруға ие болмауы тиіс», — деп жауап берді.
Вэнс АҚШ-тың Ираннан Ормуз бұғазын қайта ашу бағытында нақты қадам күтетінін айтып, мұны жаһандық экономикалық тұрақтылық үшін аса маңызды деп бағалады.
Ол: «Біздің күткеніміз — Иран Ормуз бұғазын ашу бағытында ілгерілеуді жалғастырады. Егер олай болмаса, бұл олармен жүргізіп жатқан келіссөздерімізді түбегейлі өзгертеді», -деді.
«Доп олардың алаңында»
Вэнс Вашингтонның Иранның байытылған уран қорын елден шығару және Тегеранның ядролық қару әзірлеуіне жол бермеу үшін қатаң бақылау тетіктерін енгізу сияқты негізгі мәселелерде «ешқандай икем жоқ» екенін ерекше атап өтті.
«Байытылған материал Иран аумағынан шығарылуы тиіс. Біз олардың ядролық қару жасамайтынына нақты кепілдік алуымыз керек», - деген Вэнс «қазір шешім толықтай олардың қолында» екенін айтты.