Түркия Сыртқы істер министрлігі Йемендегі хоуситтердің Мәдина қаласында Пайғамбар мешітіне қызмет көрсететін азаматтық инфрақұрылымға жасаған шабуылын қатаң айыптады.
Министрлік хоуситтердің Сауд Арабиясына жасаған шабуылына қатысты жазбаша мәлімдеме жариялады.
Мәлімдемеде: «Хоуситтердің Мәдина қаласында Пайғамбар мешітіне қызмет көрсететін азаматтық инфрақұрылымға жасаған шабуылын қатаң айыптаймыз. Сауд Арабиясының егемендігі мен қауіпсіздігіне қатер төндіріп, ислам әлемінің қасиетті құндылықтарын нысанаға алған мұндай арандатушылық шабуылдар дереу тоқтатылуы тиіс», – делінген.
Сондай-ақ Түркияның Сауд Арабиясына қолдау білдіретіні тағы да атап өтіліп, аймақтағы шиеленісті одан әрі күшейтетін әрекеттерден аулақ болу қажеттігі айтылды.
Сауд Арабиясы бастаған Араб коалициясы кеше жасаған мәлімдемесінде Йемендегі хоуситтердің үш күн бұрын Сауд Арабиясының Мәдина қаласындағы Тайба электр станциясына ұшқышсыз ұшу аппаратымен шабуыл жасағанын хабарлаған болатын.





















