САЯСАТ
2 ... минут оқылды
АҚШ Кубаға қарсы жаңа санкциялар енгізді
АҚШ Куба билігі мен «әскери элитасына» экономикалық қысымды күшейту шараларының соңғы кезеңі аясында Гавана үкіметімен байланысы бар сегіз ұйым, екі кісі және бес мұнай танкеріне санкция салу туралы шешім қабылдады.
АҚШ Кубаға қарсы жаңа санкциялар енгізді
АҚШ президенті Дональд Трамп (МҰРАҒАТ).

АҚШ Куба билігі мен «әскери элитасына» экономикалық қысымды күшейту шараларының соңғы кезеңі аясында Гавана үкіметімен байланысы бар сегіз ұйым, екі кісі және бес мұнай танкеріне санкция салу туралы шешім қабылдады.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәлімдемесінде Кубаға қарсы жаңа санкциялар ел армиясының «заңсыз» табыс көздеріне, энергия ресурстарын жеткізу желілеріне, үкіметтегі «ықпалды топтарға» және Куба қарулы күштерін жабдықпен қамтамасыз ететін қытайлық қорғаныс компанияларына бағытталғаны айтылды.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио санкцияларға қатысты: «Трамп әкімшілігі Куба билігінің ел ресурстарын әскери элитаның игілігіне жұмсауына, билік өкілдері мен олардың отбасы мүшелерінің шетелдегі жасырын қаржы желілері арқылы пайда табуына, сондай-ақ Кубаның АҚШ пен оның мүдделеріне қауіп төндіру, тыңшылық жасау және заңсыз әрекеттерді жоспарлау үшін Америкаға қарсы күштердің жаһандық коалициясына база ретінде қызмет етуді жалғастыруына жол бермейді», – деді.

Қабылданған шаралар аясында «Sociedad Mercantil Duna S.A.» атты жабдықтау компаниясы арқылы Куба Қарулы күштеріне материалдық және технологиялық қолдау көрсеткен Қытайдың екі мемлекеттік қорғаныс компаниясы санкциялар тізіміне енгізілді.

Сонымен қатар АҚШ билігі Мариэль контейнер терминалындағы логистика мен порт инфрақұрылымына жауапты бұрынғы коммерциялық директор, армияға қарасты “GAESA” коммерциялық холдингінің басшысы Ания Гильермина Ластрес Морераның қызы Ани Родригес Ластреске де санкция салу туралы шешім қабылдады.

Бұдан бөлек Кубаға мұнай тасымалдайтын бес танкердің де АҚШ санкциялар тізіміне енгізілгені хабарланды.

Вашингтонның соңғы санкциялық шешімінен кейін Куба Сыртқы істер министрі Бруно Родригес “X” әлеуметтік желісіндегі парақшасында: «Соңғы 10 айда Куба халқының АҚШ-тың экономикалық блокадасының бұрын-соңды болмаған деңгейде күшейтілуіне, теңіз блокадасымен тең энергетикалық қоршауға және қосымша санкциялардың қолданылуына ұшырауын айыптаймыз», – деп жазды.

Іздеу
Қазақстан мен Татарстан «Қазан-Астана» әуе рейстері арқылы өзара жақындай түсті
БҰҰ Газада санитарлық жағдайдың нашарлап бара жатқанын ескертті
«Галатасарай» «Штутгартты» 2:0 есебімен жеңіп, Чемпиондар лигасындағы ұпай санын 6-ға жеткізді
АҚШ-тағы аралық сайлау: Сенатта басымдық демократтарда
Ғалым Джеффри Хинтон жасанды интеллектінің қаупін Чернобыль апатымен салыстырды
Президент Ердоған Оңтүстік Кореяның ірі компанияларының басшыларымен кездесті
Иран АҚШ-тағы аралық сайлау нәтижесіне қатысты пікір білдірді
Түркі мемлекеттері 2027 жылы ортақ жерсерік ұшыруды жоспарлап отыр
Тегеранда «Трампты өлтіреміз» деген плакат ілінді
Президент Ердоған: «Оңтүстік Кореямен ынтымақтастықты нығайту жолдарын талқыладық»
Ресей Түркі Мемлекеттері Ұйымына қосылуға дайын екенін білдірді
Президент Ердоған әуеден Қазақстанға жолдау жіберді
Түркиялық оқушы Эйнштейн олимпиадасында математикадан әлем чемпионы атанды
Президент Ердоған Оңтүстік Кореяда
АҚШ қараша айында Ресей-Украина бейбітшілік келіссөздеріне дәнекерлік етеді