Түркияның отандық технологиялар негізінде әзірленген алыс қашықтыққа арналған «Siper 1» әуе қорғанысы жүйесі Синоптағы полигонда өткен сынақ барысында нысананы сәтті жойды.
Түркия Қарулы күштері Бас штабының сәрсенбі күні таратқан мәлімдемесіне сәйкес, сынаққа Бас штаб бастығы, армия генералы Селчук Байрактароглу мен Әуе күштерінің қолбасшысы, армия генералы Рафет Далкыран қатысты.
Мәлімдемеде генерал Байрактароглуның Әуе күштерінің қару-жарақ қорындағы «Siper» әуе қорғанысы жүйесін де арнайы барып тексергені айтылды.
«Болат күмбез» әуе қорғанысы жүйесін жетілдіруді жалғастырамыз
«Aselsan» компаниясының бас директоры Ахмет Акйол әскери қолбасшылардың «Siper 1» жүйесі нысананы сәтті жойғанына куә болғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жүйе Түркияның «Болат күмбез» кешенді әуе қорғанысы желісінің ең жоғарғы деңгейін құрайды.
Акйол «X» әлеуметтік желісіндегі жазбасында: «Әуе кеңістігіміздің барлық деңгейін қорғау үшін күндіз-түні еңбек етіп, «Болат күмбез» жүйесін кезең-кезеңімен жетілдіруді жалғастырамыз», – деді.
Ол өз жазбасында Түркияның қорғаныс өнеркәсібіндегі «Aselsan» және «Roketsan» компанияларын атап өтіп, жобаны жүзеге асыруға атсалысқан барлық серіктес пен әріптестеріне алғыс білдірді.
Алыс қашықтыққа арналған «Siper» әуе қорғанысы жүйесі ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы құралдар мен жоғары биіктіктегі қорғаныс жүйелерін қамтитын Түркияның көпдеңгейлі «Болат күмбез» әуе қорғанысы жобасының құрамына кіреді.




















