Джибути жағалауында болған кеме апатында 139 адам қаза тауып, 84 адам із-түзсіз жоғалып кетті.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық миграция ұйымының (IOM) жазбаша мәлімдемесінде Джибути жағалауында 305 адамды тасымалдаған қайықтың аударылып кеткені жеткізілді.
Оқиғада 139 адамның қаза тапқаны, 84 адамның із-түзсіз жоғалғаны хабарланды. Сонымен бірге Джибутилік билік өкілдерінің іздеу-құтқару жұмыстарын жалғастырып жатқаны атап өтілді.
БҰҰ аударылған қайықтың 9 қазан түні Джибутиден Йеменге қарай 305 адаммен жолға шыққанын тіркеді.
Мәлімдемеде аталған оқиғаның Африка мүйізі елдерінен заңсыз мигранттардың Аден шығанағы немесе Қызыл теңізді кесіп өтіп, Йемен арқылы Шығанақ елдеріне жетуге тырысатын қауіпті миграция бағыты Шығыс маршрутында тіркелген ең сұрапыл кеме апаттарының бірі болғаны айтылды.
Мәлімдемеде пікірі берілген Халықаралық миграция ұйымының Бас директоры Эми Поуп: «Басқа қауіпсіз жол жоқ екеніне сенбесе, ешкім мұндай қайыққа отырмайды. Бұл өлімдерді қалыпты нәрседей қабылдауды жалғастыра алмаймыз. Қауіпсіз әрі заңды жолдар адам өмірін сақтап қалады», — деп түсініктеме берді.
Поуп үкіметтер мен донорларды келесі қайық батқанға дейін әрекет етуге шақырды.



















