Ресей мен Украина келіссөзшілері соңғы рет ақпан айында Женевада АҚШ-тың араағайындығымен кездесті. Алайда тараптар күрделі аумақ мәселесі бойынша келісімге келе алмады. Сол уақыттан бері келіссөздер қайта жалғасқан жоқ.
Кремль өкілі Дмитрий Песков журналистерге Ресейдің «үшжақты форматты қайта жандандыру мүмкіндігін жоққа шығармайтынын, алайда қазіргі кезеңде келіссөздердің өтетін орны немесе нақты мерзімі туралы айтуға әлі ерте екенін» мәлімдеді.
Уиткофф пен Кушнер қақтығысты тоқтатуға бағытталған жаңа бастама аясында демалыс күндері Ресей президенті Владимир Путин және Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесті.
Украина президенті кеңсесіндегі жоғары лауазымды дереккөз “AFP” агенттігіне олардың соғысты тоқтатуға қатысты «тиімдірек» ұсыныстар әкелгенін айтты. Алайда Мәскеу де, Киев те келіссөздерде ілгерілеу болғанын мәлімдеген жоқ.
Төрт жарым жылдан бері жалғасып келе жатқан қақтығыста ондаған мың сарбаз мен бейбіт тұрғын қаза тапты.
Келіссөздер үдерісі Ресей толық бақылауына алмаған, бірақ кез келген бейбіт келісім аясында өзіне беруді талап етіп отырған Украинаның шығысындағы Донбасс мәселесіне байланысты әлі де тоқырап тұр.
















