41 жастағы Криштиану Роналду әлеуметтік желідегі парақшасында шешімі туралы хабарлады.
«Ұлттық құрамамыздың 7-нөмірлі жейдесін тапсыратын күн келді. Мен бұл жейдені ешқашан тек өзіме ғана тиесілі деп санаған емеспін. Алайда 23 жыл бойы оны киіп, ұлттық құраманың намысын қорғау және әлемнің түкпір-түкпіріндегі стадиондарда өнер көрсету мен үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік болды», – деп жазды футболшы.
Роналду ұлттық құрамадағы орнын жас буынға беретін уақыт келгенін айтып, бұл шешімді қабылдау оңай болмағанын жеткізді.
«Бұл оңай шешім болған жоқ. Өйткені кейбір шешімдерді тек ақылмен емес, жүрекпен де қабылдайсың», – деді ол.
Әйгілі футболшы ұлттық құрамадағы жылдарын еске алып, былай деді: «2003 жылдың тамызында басталып, өмірімді түбегейлі өзгерткен жолым аяқталды. Ұлттық құрамада өткізген жылдарыма көз жүгіртсем, тек матчтарды, голдарды, рекордтар мен жеңіп алған кубоктарды ғана емес, адамдарды көремін. Шетелде тұрып, футбол матчының 90 минуты ішінде өзін туған еліне жақын сезінетін португалиялықтарды көремін. Өзім ешқашан кездестірмесем де, өмірімнің бір бөлігіне айналған миллиондаған отандасымды көремін. Өйткені футбол жай ғана ойын емес, оның мәні әлдеқайда терең. Футболдың басты құндылығы – адамдар».
Роналду Португалия ұлттық құрамасы сапында 234 матч өткізіп, 146 гол соққан. Ол ұлттық құрама сапында ең көп ойын өткізген және ең көп гол соққан футболшы рекордтарын иеленіп отыр.
Футбол тарихындағы ең үздік ойыншылардың бірі саналатын Криштиану Роналду Португалия құрамасында алғаш рет 2003 жылы өнер көрсеткен. Ол бес рет «Алтын доп» (Ballon d’Or) сыйлығына ие болған.





















