Иран күштерінің ресми өкілі, бригада генералы Мұхаммед Экреминия АҚШ тарапынан жаңа шабуыл жасалған жағдайда бұрынғыдан да ауқымды, жойқын әрі жедел жауап қайтарылатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай жағдайда соғыс тек аймақпен шектелмейді.
Иранның «Mehr» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Экреминия радиобағдарламаға қатысып, күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты пікір білдірген.
Ол АҚШ-тың шабуыл жасау туралы қоқан-лоққыларына байланысты қарсылас нысандарының тізімі жаңартылып, Қарулы күштердің қорғаныс және шабуыл жасау мүмкіндіктері күшейтілгенін айтты.
«АҚШ тарапынан кез келген жаңа агрессияға бұрынғыдан әлдеқайда ауқымды, жойқын әрі жедел жауап беріледі. Жаңа соғыс басталған жағдайда әскери қақтығыстар Батыс Азия аймағымен ғана шектелмейді», – деді Экреминия.
Бұған дейін Иранның рухани көсемі Аятолла Моджтаба Хаменеидің 31 қазанда елдің жоғары әскери басшыларымен кездесу өткізгені хабарланған болатын.
Кездесуге Қарулы күштер Бас штабының бастығы, генерал-майор Али Абдуллахи, Иран армиясының қолбасшысы, генерал-майор Эмир Хатами және Ислам революциясы сақшылар корпусының қолбасшысы, генерал-майор Ахмад Вахиди қатысқан.
Хабарларға сәйкес, Хаменеи әскери басшылыққа кез келген шабуылға «дереу, тиімді әрі географиялық шектеусіз» жауап қайтаруды тапсырған.




















