Ресей мен оның басты одақтасы Беларусь жұма күні таңертең ауқымды бірлескен әскери оқу-жаттығуын бастады. Бұл қадам Польша Мәскеуді әуе кеңістігіне ұшқышсыз әуе аппараттарын жіберіп, шиеленісті ушықтырды деп айыптағаннан кейін НАТО-ға дабыл қақтырды.
Беларусьпен шекаралас НАТО-ның шығыс қапталындағы елдер Польша, Литва және Латвия Минскінің шығысындағы Борисов қаласы маңында өткізілетіні хабарланған жаттығуларға байланысты жоғары дайындық жағдайында.
Үш ел де оқу-жаттығулар қарсаңында қауіпсіздік шараларын күшейтті, ал Польша әскери жаттығу кезінде Беларусь шекарасын толықтай жабу туралы бұйрық берді.
Ресей Қорғаныс министрлігі жасаған мәлімдемесінде: «Ресей және Беларусь армияларының бірлескен стратегиялық маневрлері басталды», - деп хабарлады.
Польша Премьер-министрі Дональд Туск ел үшін «қиын күндер» деп ескертті. Туск сәрсенбі күні таңертең Польша және НАТО одақтастары өз әуе кеңістігіне кірген орыстың ұшқышсыз әуе аппараттарын атып түсіру үшін әскери ұшақтарды әуеге көтергеннен кейін, Екінші дүниежүзілік соғыстан бері алғаш рет «ашық қақтығысқа» осыншалықты жақын болғандарын айтты.
Мәскеу бұл алаңдаушылықтарды елемеді. Кремль өкілі Дмитрий Песков: «Бұл - жоспарланған оқу-жаттығу. Ешбір елге қарсы бағытталмаған», - деп түсіндірді және Польшаның бұл әрекетті «агрессивті күш көрсету» деп бағалауымен келіспейтінін жеткізді.
Украина Президенті Владимир Зеленский де Мәскеудің пиғылына қатысты ескерту жасады. Ол: «Ресейдің мұндай қадамдары қорғаныс мақсатында емес және тек Украинаға қарсы бағытталмаған», - деді. Ал Ресей тарапы бір түн ішінде өз әуе кеңістігінде Украинаның 221 ұшқышсыз әуе аппаратын атып түсіргенін мәлімдеді.
Бұл жай ғана көрсетілім бе?
Төрт жылда бір ұйымдастырылатын «Запад» оқу-жаттығулары Украинада соғыс басталғаннан бері алғаш рет өтпек. Оқу-жаттығу 16 қыркүйекке дейін жалғасады. Мәскеу Украинаға шабуыл бастамас бұрын 2021 жылы өткізген жаттығуға шамамен 200 мың әскер жіберген болатын.
Алайда биылғы «Запад» жаттығуы әлдеқайда шағын ауқымда өтпек. Өйткені жүз мыңдаған ресейлік әскер Украинада шоғырландырылған.
Беларусь қаңтар айында жаттығуларға 13 мың әскер қатысатынын мәлімдеген, бірақ мамыр айында бұл санның шамамен жартысының қысқартылатынын хабарлаған еді.
Тусктің айтуынша, бұл жаттығулар Польша мен Литва арасындағы шекара бойында созылып жатқан Беларусь пен Ресейдің Калининград облысымен қоршалған Сувалки дәлізін басып алуды модельдеуді көздейді.
Аталған дәліз НАТО үшін өте маңызды және кез келген Ресей шабуылында алғашқы нысанаға айналуы мүмкін. Беларусь Президенті Александр Лукашенко бұл үрейді «сандырақ» деп жоққа шығарды.
Биылғы жылдың басында мемлекеттік БАҚ Беларусь Қорғаныс министрінің жаттығулардың «шиеленісті азайту үшін» Польша мен Украина шекарасынан қашықта өткізілетінін мәлімдегенін хабарлаған еді.
Алайда Польша Мәскеудің сынына қарамастан бірнеше шекара өткелін жауып, шығыс шекарадағы әуе қатынасын шектеді. Литва мен Латвия да әуе кеңістігін ішінара жабу туралы шешім қабылдады.
Ресейдің Беларусь аумағына тактикалық ядролық қару орналастыруы жаттығуға жаңа сипат берді. Минск тамыз айында жасаған мәлімдемесінде жаттығулар барысында Ресейдің жаңа тәжірибелік ядролық оқтұмсықты «Орещник» зымырандарымен ядролық шабуылға дайындық өтетінін жариялаған еді.












