Бұл туралы Қазақстан президентінің кеңесшісі және баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеді.
Смадияров өзінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында: «28–30 қазан күндері мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президент Режеп Тайып Ердоғанның шақыруымен Түркияға ресми сапармен барады. Анкарада екі елдің президенттері кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға бағытталған келіссөздер жүргізеді. Сонымен қатар Қазақстан президенті Түркі Мемлекеттері Ұйымының XIII саммитіне қатысады», – деп жазды.























