Президент Ердоған алғаш рет премьер-министр кезінде 2005 жылы қатысқан БҰҰ-ның 60-шы Бас Ассамблеясында ұйымның демократиялық, ашық және барлық мүшелердің еркін білдіретін құрылымға айналуы керектігін атап өтті.
Ердоған Бас Ассамблеядағы баяндамасында: «Ең алдымен өзін-өзі жаңартатын, анағұрлым демократиялық әрі ашық, барлық мүшелердің ортақ еркін білдіруге қабілетті, халықаралық дауларды шешудің негізі болып табылатын, әлемдік бейбітшіліктің кепілі ретінде бағаланатын, беделі барша мүшелері тарапынан ұлықталатын, белсенді әрі қайсар БҰҰ ұйымы — адамзаттың ортақ игілігі», — деген болатын.
Сондай-ақ Ердоған өз сөзінде терроризммен күрес мәселесіне де назар аударып, «Әлемнің кез келген бұрышында болған террористік акт — баршамызға қарсы бағытталған адамзатқа қарсы қылмыс. Шекара таңдамайтын терроризмді айыптаймын, терроризмнің ащы зардабын өз басынан өткерген елдің премьер-министрі ретінде бүкіл адамзатқа төнген бұл қауіппен күресте ынтымақтастық пен тиімді әріптестік орнату шақыруымды осы жерден тағы да қайталаймын», — деген сөздерді тілге тиек етті.
Сол күннен бері жасалған баяндамалар Туркияның сыртқы саясатындағы эволюциясы мен жаһандық мәселелерге деген көзқарасын көрсететін тарихи мұрағат сипатына ие.
Ердоған 2009 жылы қатысқан БҰҰ-ның 64-ші Бас Ассамблеясында БҰҰ құрылымын реформалау қажеттігін меңзеді.
Әділетті әрі қатысушылыққа негізделген жаһандық тәртіп орнату үшін БҰҰ-ның тиімділігін арттыру керектігін білдірген Ердоған: «Өкілеттілігі нығайтылған, демократиялық, ашық, әділ және тиімді Біріккен Ұлттар Ұйымы жаһандық бейбітшілік пен тұрақтылыққа көбірек үлес қосады деп сенеміз. Біріккен Ұлттар Ұйымы климаттың өзгеруі, тұрақты даму, кедейлікпен күрес, гендерлік теңдік, адам құқықтары мен адам қадір-қасиетін қорғау мәселелерінде пәрменді институтқа айналуы тиіс. Осы мақсатқа бағытталған реформа бастамаларын толық қолдаймыз. Дегенмен Қауіпсіздік Кеңесі де реформаланбайынша, Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесіндегі реформа сәтті жүзеге асты деп есептелмейтіні анық», — деген баға берді.
2011 жылғы БҰҰ-ның 66-шы Бас Ассамблеясында аймақтық мәселелерге тоқталған Ердоған Сирия, Ливия, Сомали және Палестинаға қатысты жолдаулар беріп, Әзербайжан жерлерінің жылдар бойы жалғасып келе жатқан заңсыз басқыншылығы аяқталуы керектігін білдірді.
Ердоған: «Қарабах мәселесінің осылайша шешімсіз қалуы ешқашан қабылданбайды, халықаралық проблемалар асқынбай тұрғанда шешім табу — баршамыздың саяси әрі моральдық жауапкершілігіміз», — деді.
"Әлем бестен үлкен" — жаһандық ояну
Ердоғанның БҰҰ тарихындағы ең маңызды мәлімдемелерінің бірі 2014 жылғы сөзінде айтылған «Әлем бестен үлкен» деген сөзі болды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 5 тұрақты мүшесінің шешіміне тәуелді болған жаһандық жүйенің Палестина мен Сирия сияқты дағдарыстарда қауқарсыз қалғанын баса айтқан Ердрған бұл сөзімен халықаралық қоғамдастықта «жаһандық реформа» талқылауын бастаған көшбасшыға айналды.
БҰҰ-ның реформалау қажеттілігін «Әлем бестен үлкен» деген сөзімен жеткізген президент Ердрған мыналарды атап өтті:
«Уақытты созбай, бұдан әрі жазықсыз, бейуаз адамдар өмірінен айырылмай тұрғанда, жаһандық ұжданға одан әрі зақым келмей тұрғанда, Біріккен Ұлттар Ұйымы мәселелерді шешуге белсене араласуы тиіс. Ерекше атап өткім келеді: әлем бестен үлкен. Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі болып табылатын 5 елдің әлемдік шындыққа жанаспайтын түрде Біріккен Ұлттар Ұйымын қауқарсыз етіп қоюы — жаһандық ұждан қабылдай алатын жағдай емес. Қабылданған барлық шешімдер бір елдің аузынан шығатын сөзге байланысты болып отыр. Егер ол "жоқ" десе жоқ, "иә" десе ғана іске асады. Палестинада бірнеше айдың ішінде 2 мыңнан астам жазықсыз адам қаза тапқанда, Біріккен Ұлттар Ұйымы күтілген шешімді шығара алмады. Сирияда 4 жыл ішінде 200 мыңнан астам адам қаза тауып, 9 миллионға жуық адам босып кеткенде, Біріккен Ұлттар Ұйымы тағы да тиімді шешімдер ұсына алмады».
Терроризммен және FETÖ-мен күрестегі табандылық
Ердоған 2016 жылы 15 шілдедегі төңкеріс әрекетінен кейін көп ұзамай қатысқан БҰҰ-ның 71-ші Бас Ассамблеясында әлемге FETÖ қаупі туралы ескертті. «Бұл жаңа буын лаңкестік ұйым тек Түркия үшін емес, өзі бой көрсеткен 170 елдің барлығы үшін ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер болып табылады» деп, дос елдерге бұл құрылымға қарсы шара қолдану қажеттігін ескертті. Кейінгі жылдары да ДАИШ мен PKK сияқты ұйымдарға қарсы жүргізілген күресті әлемдік күн тәртібіне шығарып, Түркияның терроризммен күресі жаһандық бейбітшілік үшін аса маңызды екеніне назар аудартты.
Президент Ердоған 2018 жылғы БҰҰ-ның 73-ші Бас Ассамблеясында БҰҰ-ға қатысты сын айтып, Палестина мәселесін күн тәртібіне қойды.
«Біріккен Ұлттар Ұйымының адамзаттың бейбітшілік пен әл-ауқатқа деген үмітін ақтаудан алыстап бара жатқаны да шындық», — деген Ердоған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тек вето құқығына ие 5 мүшенің мүддесіне ғана қызмет ететін, әлемнің басқа аймақтарына, орын алып жатқан зулымдықтарға көз жұма қарайтын құрылымға айналғанын білдірді.
Президент Ердоған сөзін былай деп жалғастырды:
«Бұрын Боснияда, Руандада, Сомалиде, таяудағы тарихтың өзінде Мьянмада, қазіргі уақытта Палестинада жасалып жатқан қырғындардың барлығы Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің көз алдында өтті. Палестиналықтарға жасалған зұлымдыққа үн шығармайтындардың оларға берілетін көмекті қысқартуға деген ұмтылысы тек залымдарға батылдық береді. Бүкіл әлем сырт айналса да, Түркия ретінде біз жәбір көрген палестиналықтардың жанында болуды, алғашқы құбыламыз Иерусалимнің тарихи әрі құқықтық мәртебесін қорғауды жалғастырамыз».
Зардап шеккендердің және әділеттіліктің дауысы: Айлан бөбек және Палестина
2019 жылы заңсыз миграция дағдарысын «Айлан бөбек» фотосуреті арқылы әлем көшбасшыларының жадында жаңғыртқан Ердоған 2023 және 2024 жылдары Израильдің Палестинаға жасаған шабуылдарына басты назар аударды.
Мугланың Бодрум ауданында су бетіне шыққан кішкентай денесімен заңсыз миграция мәселесінің символына айналған Айлан бөбектің фотосуретін көрсеткен Ердоған: «Әлем өз жандарын сақтап қалу үшін шыққан сапарлары Жерорта теңізінің қараңғы суында немесе шекараға тартылған тікенді сымдардың алдында аяқталған миллиондаған бейуаз жанды, өкінішке орай, өте жылдам ұмытты. Әсіресе міне көргендеріңіздей, Айлан бөбекті де әлем өте жылдам ұмытты. Уақыт өте келе тура осындай жағдай сіздердің де бастарыңызға келуі мүмкін екенін ұмытпаңыздар. Себебі Айлан бөбектер жалғыз емес, олар мыңдап, миллиондап саналады, бұлардың барлығына қарсы шара қолдануымыз қажет», — деген жолдауын жеткізді.
Басқыншы Израильдің жылдар бойы кеңейген картасын мінберден көрсетіп, халықаралық құқықтың тапталуына қарсылық білдірген Ердоған Палестина мәселесіне меңзеп, мынадай баға берді:
«Мені мынау қызықтырады: бұл Израиль қай жерде? Бұл Израильдің жері қай аймақтарды қамтиды? 1947 жылы Израиль қайда еді, одан кейін 1949, 1967 жылдары Израиль қайда болды және қазіргі уақытта Израиль қай жерде? Қараңыздар, 1947 жыл, бұл жерде Израиль атымен жоқ сияқты, барлығы Палестина. 1947 жыл, бөлісу жоспары бар және Палестина кішірейіп, Израиль үлкейіп барады. 1949 жылмен бірге 1967 жылға келемін, Израиль үлкейіп, Палестина кішірейіп жатыр. Ал бүгінгі күнге келетін болсам, қазіргі жағдай мынадай: енді сөздің шыны керек Палестина жоқ, барлығы дерлік Израиль... Израиль тоя ма? Жоқ, тоймайды. Израиль енді қалғанын да басып алуға тырысуда. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің, Біріккен Ұлттар Ұйымының Израильге қатысты қабылдаған осыншама шешімдері бар, бұл шешімдер жүзеге асып жатыр ма? Жоқ, іске аспайды. Олай болса, Біріккен Ұлттар Ұйымы не үшін қажет? Егер осы қарашаңырақтың астында біз қабылдаған шешімдер ықпалды болмаса, онда әділдік қайда салтанат құрмақ? Міне, біздің қиындығымыз осында».
Шешімге бағытталған дипломатия: Қаратеңіз астық дәлізі
Ердоған тек сынайтын емес, сонымен бірге шешім ұсынатын көшбасшы ретінде де алдыңғы қатардан көрінді. Ресей-Украина соғысы кезеңінде Стамбул келісімі арқылы құрылған Қаратеңіз астық дәлізін БҰҰ мінберінен «БҰҰ-ның соңғы жылдардағы ең үлкен жетістігі» деп бағалады. Бұл қадам Түркияның дағдарыстарды шешуші дәнекерлік тұлғасын бүкіл әлемге дәлелдеген процесс болды.
Келісім аясында астық тасымалдаған кеменің Босфор бұғазындағы фотосуретін көрсеткен Ердоған: «Құрметті Бас хатшымен бірге жүргізген қарқынды күш-жігеріміздің нәтижесінде Украина астығының Қаратеңіз арқылы әлемге жетуін қамтамасыз еттік. Бұл істі жүзеге асырған Стамбул келісімінің екінші айы толып жатқанда, тасымалдың күн санап қарқын алып жатқанын қуанышпен бақылап отырмыз. Астық жеткізудің үздіксіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын бұл келісім — Біріккен Ұлттар Ұйымының соңғы жылдары қол жеткізген ең үлкен жетістіктерінің бірі. Әлемнің төрт бұрышында халықаралық қоғамдастықтан медет күткендердің Біріккен Ұлттар Ұйымына деген сенімі осы жетістікпен қайта жаңғырды. Стамбул келісімі тараптар үшін өмірлік маңызы бар мәселелерде келіссөздердің оң нәтиже беретінін де дәлелдеді», — деді.
«Солтүстік Кипр Түрік Республикасының тәуелсіздігін тануға шақырамыз»
Президент Ердоған БҰҰ-ның 78-ші Бас Ассамблеясында да БҰҰ-ға қатысты сындарын жалғастырды. Терроризммен күрес, исламофобия және расизм сияқты мәселелерде өз ойларымен бөліскен Ердоған сондай-ақ Ресей-Украина соғысына, Палестина мәселесіне және Шығыс Жерорта теңізіндегі оқиғаларға тоқталып өтті.
Солтүстік Кипр Түрік Республикасына (СКТР) қатысты да жолдау жасаған Ердоған: «Халықаралық қоғамдастықты СКТР-ның тәуелсіздігін тануға, бұл елмен дипломатиялық, саяси және экономикалық байланыстар орнатуға шақырамыз», — деген сөздерімен әлем мемлекеттерін СКТР-ны тануға үндеді. Бұған қоса Ердоған: «Аралдағы БҰҰ Бейбітшілік күштерінен бейтараптықты сақтауды күтеміз. Беделіне нұқсан келген бұл күштің Кипрде тағы да беделін жоғалтқанын қаламаймыз», — деді.
Қарабахтың Әзербайжан жері екенін баса айтқан Ердоған: «Біз Әзербайжан мен Армения арасындағы келіссөздер процесін басынан бері қолдап келеміз. Алайда Арменияның бұл тарихи мүмкіндікті жеткілікті түрде пайдалана алмағанын көріп отырмыз. Армениядан ең алдымен Зангезур дәлізін ашуды қоса алғанда, берген сөздерін орындауын күтеміз. Енді бәрі мойындағандай, Қарабах — Әзербайжан жері. Одан басқа мәртебені таңу ешқашан қабылданбайды», — деп сөйледі.
Израильдің шабуылдарына тосқауыл қоюға шақыру
Президент Ердоған 2024 жылғы 24 қыркүйекте БҰҰ-ның 79-шы Бас Ассамблеясында 14-ші рет сөз сөйледі.
Халықаралық қоғамдастықты Израильдің шабуылдарына қарсы тұруға шақырған Ердоған: «Палестинаны әлі танымаған басқа мемлекеттерді осы бір маңызды кезеңде тарихтың дұрыс жағынан табылып, Палестина мемлекетін тезірек тануға шақырамын. 1967 жылғы шекаралар негізінде, астанасы Шығыс Иерусалим болып табылатын, тәуелсіз, егемен және географиялық тұтастыққа ие Палестина Мемлекетінің құрылуын бұдан әрі кейінге қалдыруға болмайды. Осыдан 70 жыл бұрын Гитлер адамзаттың одақтасуымен қалай тоқтатылса, Нетаньяху мен оның қылмыстық тобы да адамзаттың одақтасуымен тоқтатылуы тиіс», — деді.
БҰҰ құрылымына қатысты сындарын тағы да қайталаған Ердоған: «Өкінішке орай, соңғы жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымы өзінің құрылу миссиясын орындауда қауқарсыз болып отырғанын көріп отырмыз. Ол бара-бара тиімсіз, ауыр әрі әрекетсіз құрылымға айналуда. "Әлем бестен үлкен" ұраны білдіретін құндылықтарға қазіргі таңда бұрынғыдан да бетер мұқтажбыз», — деп білдірді.
Президент Ердоғанның БҰҰ-ның 79-шы Бас Ассамблеясында сөйлеген және Газа секторы бойынша халықаралық қоғамдастықты батыл әрекет етуге шақырған бұл баяндамасы шетелдік баспасөзде де кеңінен орын алды.
Көздер қайтадан Ердоғанның сөзінде
Кипр мәселесінен Шығыс Жерорта теңізіне, исламофобиядан климат дағдарысына дейінгі көптеген тақырыпты БҰҰ күн тәртібіне шығарған Ердоған 22 қыркүйектегі сөзінде де әлем бастан өткеріп жатқан нәзік әрі күрделі кезеңдерге қатысты шешім ұсыныстарымен бөліседі.
2005 жылдан бері жалғасып келе жатқан реформаторлық бағытын бүгінгі күннің жаңа жаһандық қатерлерімен ұштастырады деп күтілетін президент Ердоғанның баяндамасын халықаралық дипломатия орталықтары жіті бақылайтын болады.
Ердоған БҰҰ Бас Ассамблеясына қатысу үшін Нью-Йоркке жасайтын сапары барысында жалпы талқылаулардан бөлек, әлем көшбасшыларымен де маңызды екіжақты кездесулер өткізеді.



























