САЯСАТ
3 минут оқылды
Франция Президенті Палестинаны таниды: әлем қолдады, Израиль қарсы шықты
Палестина әкімшілігі мен ЕО-дағы одақтастары Францияның бұл шешімін «кешіккен қадам» деп бағалап, құптаған болса, Израиль бұл әрекетті «терроризмді марапаттау» деп атап, басып алынған Батыс Шерияның аннексиясын жақтады.
Франция Президенті Палестинаны таниды: әлем қолдады, Израиль қарсы шықты
25 Шілде 2025

Франция президенті Эммануэль Макрон қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясында Палестина мемлекетін ресми түрде танитынын мәлімдеді. Бұл мәлімдемеге әртүрлі елден қолдау келіп түсті.

Бейсенбі күні жасаған мәлімдемесінде Макрон: «Таяу Шығыста әділ және тұрақты бейбітшілікке ұмтылуға бағытталған тарихи міндеттемеміз аясында Францияның Палестина мемлекетін тану туралы шешім қабылдағанын хабарлаймын», – деді.

Палестиналық жоғары лауазымды тұлға Хусейн әл-Шейх бұл шешімді құптап, «Бұл қадам Францияның халықаралық құқыққа беріктігін және Палестина халқының өзін-өзі басқару мен тәуелсіз мемлекет құру құқығына көрсеткен қолдауын білдіреді», – деді.

ХАМАС ұйымы бұл шешімді «дұрыс бағыттағы оң қадам» деп бағалап,
«Бұл — оккупацияланған барлық Палестина жерлерінде астанасы Иерусалим болатын тәуелсіз мемлекет құру және халқымыздың өзін-өзі билеу құқығына берілген нақты қолдау», – деп мәлімдеді.

Ұйым бұл шешімді «Палестина ісінің әділеттілігіне деген халықаралық сенімнің артып келе жатқанын және Израиль оккупациясының шындықты бұрмалау, еркін халықтардың еркіндігін басу әрекеттерінің сәтсіздікке ұшырағанын көрсететін саяси оқиға» деп толықтырды.

Сауд Арабиясы Сыртқы істер министрлігі болса, «Сауд Арабия Корольдігі Франция президенті Эммануэль Макронның Палестина мемлекетін тану ниетіне қатысты мәлімдемесін қуанышпен қабылдайды», – деді.

Иордания Сыртқы істер министрлігі де президент Макронның БҰҰ Бас Ассамблеясының қыркүйектегі отырысы кезінде Палестина мемлекетін ресми түрде тану ниетін мәлімдегенін оң бағалап, бұл қадамды: «екі мемлекетті шешімді жүзеге асыру және оккупацияны тоқтату жолындағы дұрыс бағыттағы қадам» деп сипаттады.

Францияның Сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро бұл дипломатиялық қадамды растап, «Иерусалимдегі Бас консулымыз Франция президенті Макронның хатын Палестина әкімшілігіне табыс етті. Франция қыркүйек айында Палестина мемлекетін толықтай таниды», – деп мәлімдеді.

Барро: «Бұл міндеттемені дүйсенбі күні БҰҰ мінберінен ресми түрде растауға ниеттімін», – деп қосты.

Палестина текті француз парламент мүшесі Рима Хассан тану шешімін «жақсылық емес, міндет» деп атап, бұл қадамға қойылған шарттарды сынға алды.

Хассанның айтуынша: «Франция отарлаушыға (Израильге) қару жеткізуді жалғастырып жатқанда, отарланған және оккупация астындағы халыққа қарусыздану талап етілуде».

Ол сөзін: «Палестиналықтар Израиль Палестина жерін басып алып, отарлауын жалғастырып жатқан кезде, қарулы қарсылық құқығынан ешқашан бас тартпайды», – деп түйіндеді.

Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху: «Бұл — терроризмді марапаттау. Бұл шешім Газа тәрізді тағы бір Иран қолшоқпарын қалыптастыру қаупін тудырады», – деді.

Нетаньяху сөзін былай жалғастырды: «Мұндай жағдайда құрылатын палестиналық мемлекет Израильмен бейбіт қатар өмір сүру үшін емес, Израильді жою құралы болмақ».

Сондай-ақ ол: «Ашығын айтайық: палестиналықтар Израильдің жанында мемлекет болуын емес, Израильдің орнына өз мемлекетінің болуын қалайды», – деді.

Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац: «Франция президентінің осындай шешуші кезеңде Израильдің жанында тұрудың орнына бізді әлсіретуді таңдауы... Біз өмірімізге қауіп төндіретін палестиналық құрылымның пайда болуына ешқашан жол бермейміз», – деп мәлімдеді.

Ал Ирландия премьер-министрінің орынбасары Саймон Харрис бұл қадамға қолдау білдіріп, «Франция президенті Макронның қыркүйекте Палестинаны танитыны жөніндегі мәлімдемесін құптаймын. Бұл — екі мемлекетті шешімді жүзеге асыру жолындағы маңызды үлес», – деді.

Испания премьер-министрі Педро Санчес: «Францияның Испания мен басқа еуропалық елдердің қатарына қосылып Палестина мемлекетін тануын құптаймын. Нетаньяху жоюға тырысып жатқан шешімді бірге қорғауымыз қажет. Екі мемлекет негізіндегі шешім — жалғыз жол», – деп мәлімдеді.

Шотландия премьер-министрі Джон Суинни: «Ұлыбритания бүгін кешке Францияның ізімен жүріп, Палестина мемлекетін тануы тиіс. Бұл бейбітшілік үшін аса маңызды. Бірден атысты тоқтатып, гуманитарлық көмек басталуы керек», – деді.

Макронның бұл мәлімдемесі, Газа Секторындағы ауыр гуманитарлық жағдай аясында жасалды. Газа Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, 2023 жылдың қазан айынан бері қаза тапқандардың саны 59 500-ден асып, олардың басым бөлігі әйелдер мен балалар болған.

Франция Сауд Арабиясымен бірлесе отырып, 28–29 шілде күндері БҰҰ шеңберінде Палестина мемлекетіне апарар жол картасын айқындауға арналған халықаралық конференция өткізуді жоспарлап отырғанын да хабарлады.

Францияның Сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро бұл тақырыпқа қатысты ескерту жасап, «Газа ашаршылық пен қираудың ортасында тұрған қазіргі кезеңде Палестина мемлекетін құру перспективалары бұрынғыдан да қатты қауіп астында», – деді.

Іздеу
Кнессет өлім жазасы туралы заң жобасын  ілгерілетіп жатыр
Оккупацияланған Шығыс Иерусалим маңында жаңа заңсыз Израиль қонысы құрылды
Сирия президенті Халықаралық валюта қоры өкілдерімен кездесті
Түркия Сирия президенті мен Ішкі істер министрінің БҰҰ санкциялар тізімінен шығарылуын құптайды
БҰҰ Сирия президенті мен Ішкі істер министріне салынған санкцияларды алып тастады
ЕО Ресей азаматтарына көп мәртелік виза бермейтін болды
Трамп Орталық Азия елдерінің басшыларын қабылдайды
АҚШ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне қарар жобасын ұсынды
Сеул Пхеньянның жетінші ядролық сынақ өткізуге дайын екенін мәлімдеді
Нью-Йорктың жаңа мэрі- Зохран Мамдани
Нью-Йоркте тарихи сайлау жақындады
Перу Мексикамен дипломатиялық қатынастарын үзді
Дональд Трамп: «Мадуроның президенттік күндері санаулы»
Стамбулда Газа мәселеcіне байланысты кездесулер өтеді
Трамп Ресей мен Қытайдың жасырын түрде ядролық сынақ жүргізіп жатқанын мәлімдеді
Марк Карни Си Цзиньпинмен кездеседі
Мәскеудің Украинаға қатысты талаптары Трамп пен Путин саммитіне әсер етті ме?
Пәкістан мен Ауғанстан 6 қарашада Стамбулда келіссөздерді жалғастырады
АҚШ Тынық мұхитының шығысында кемеге соққы жасады
Нидерландта саяси бағыт өзгерді