Құжатқа Катар премьер-министрінің орынбасары әрі Қорғаныс министрі шейх Сауд бен Абдулрахман бен Хасан Әл Сани, Индонезия Қорғаныс министрінің орынбасары Юсуф Джаухари, Пәкістан Қорғаныс министрі Хаваджа Мұхаммед Асиф және Түркия Ұлттық қорғаныс министрі Яшар Гүлер қол қойды.
Меморандум әскери өндіріс саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, төрт елдің әскери әлеуетін арттыруға, сондай-ақ әскери-техникалық білім беру, ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер бағытындағы бірлескен жұмысты қолдауға бағытталған. Бұл бастама заманауи қорғаныс жүйелерінің дамуына сай жаңа технологиялық шешімдер мен өндіріс салаларын қалыптастыруға ықпал етпек.
Сонымен қатар келісім мемлекеттер арасындағы әскери ынтымақтастықтың аясын кеңейтуге, қорғаныс өнеркәсібі саласындағы байланыстарды дамытуға, қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға және ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін көпжақты серіктестікті тереңдетуге мүмкіндік береді.

























