130-дан астам израильдік басып алынған Шығыс Иерусалимдегі Әл-Ақса мешітіне басып кірді.
Палестина әкімшілігіне қарасты Иерусалим әкімдігінің мәлімдемесінде Израиль полициясының қорғауындағы фанатик топтың Мегарибе қақпасынан Әл-Ақса мешітінің ауласына басып кіргені білдірілді.
Басып кіру кезінде арандатушылық жасаған 133 адамнан тұратын фанатик топтың Әл-Ақса мешітінің ауласында өздерінің діни жоралғыларын орындағаны атап өтілді.
Иудейлердің Әл-Ақса мешітіне басып кіруі статус-квоға қайшы
Әл-Ақса мешіті Израиль мен Иордания арасында 1994 жылғы 26 қазанда қол қойылған бейбітшілік келісіміне сәйкес Иордания Қорлар, ислам істері және қасиетті орындар министрлігіне қарасты Иерусалим Ислам қорлары басқармасының қамқорлығына берілген.
Иудейлер 2003 жылдан бері Басқарманың рұқсатынсыз Израильдің біржақты шешімімен полицияның қорғауымен қасиетті ғибадатханаға кіріп келеді. Бұл әрекетті «басып кіру» деп бағалайтын Иерусалим Ислам қорлары басқармасы мұсылмандардың егемендігінің бұзылып жатқанын баса айтады.
Израильдіктер ішінде Құбыла мешіті мен әс-Сахра күмбезі, сонымен қатар музей, медреселер мен үлкен аула бар Әл-Ақса мешіті кешенінің астында «Сүлеймен ғибадатханасының қалдықтары бар» деген сылтаумен қазба жұмыстарын жүргізуде.
Израиль әкімшілігі Әл-Ақса мешітінде «тек мұсылмандар ғана ғибадат ете алатын, ал басқа дін өкілдері тек зиярат ете алатын» тарихи статус-квоның сақталып отырғанын алға тартады.
Дегенмен фанатик иудейлердің Израиль полициясының қорғауында Ақсаға жасалған шабуылдарында дұға етуі мен діни жоралғыларды орындауы жиі қайталанып отыр.
Израильдегі ультра- Ортодокс иудей діни қайраткерлерінің басым бөлігі иудейлердің Әл-Ақса мешітіне кіруіне діни тұрғыдан тыйым салынғанын атап өтеді.






















