Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсух жемқорлық айыптауларына байланысты қызметінен кететінін және өз атын ақтап алу үшін тергеу процесінен өтетінін жариялады.
Мемлекеттік «Монцамэ» ақпарат агенттігі сейсенбі күні таратқан мәлімдемеде Хурэлсух оппозициядағы Демократиялық партияның өзін «ауыр қылмыстармен» байланыстырып, өкілеттігін тоқтатуды талап еткенін атап өтті.
Хурэлсух: «Демократиялық партия шындықтың ашылуы үшін қызметімнен кетуім керектігін айтты. Мен бұған келісемін. Сондықтан Моңғолия президенті өкілеттігін тапсырамын. Маған қатысты тергеу жүргізіліп, абыройым қайта қалпына келтірілетін болады», – деді.
Бір айдан астам уақыт бойы жала жабу мен қорлау сипатындағы шабуылдарға ұшырағанын жеткізген Хурэлсух мемлекет басшысына жасалған шабуыл шын мәнінде «халықтың беделіне» жасалған шабуыл екенін қоса айтты.
Демократиялық партия Хурэлсухты қоса алғанда бірқатар жоғары лауазымды тұлғаны жемқорлықпен айыптады.
Теміржол жобасы тексерілуде
AP агенттігінің хабарлауынша, Ұлан-Батыр қаласының бұрынғы мэрі Хишгээгийн Нямбаатар Хурэлсухты «Тавантолгой – Гашуунсухайт» теміржол жобасына байланысты 25 миллион доллар алды деп айыптады.
Бұл айыптаулар Хурэлсух премьер-министр болған 2019 жылы бәсекеге қабілетті тендер рәсімі жүргізілместен «Bodi International» компаниясына берілген келісімшартқа қатысты туындап отыр. Хурэлсух та, аталған компания да қандай да бір заңбұзушылық жасалғаны туралы айыптауларды жоққа шығаруда.
Баспасөз мәслихатында сөз сөйлеген Хурэлсух: «Президенттік қызметім кезінде халықтан немесе мемлекеттен ешқашан ештеңе ұрлаған емеспін. Ешқашан өтірік айтпадым, ұрлық жасамадым. Ешкімді алдамадым», – деп мәлімдеді.
Саяси дағдарыс
Моңғолия бірнеше айға созылған саяси тұрақсыздықпен және билеуші Моңғолия Халық партиясы ішіндегі тартыстармен бетпе-бет келіп отыр.
Елде апталарға созылған жемқорлыққа қарсы наразылық шерулерінен кейін депутаттар бір жылға жетпейтін уақыт ішінде үшінші премьер-министрді тағайындады. Ұлан-Батырда мыңдаған жас дәулетті элитаға және кең етек алды деп есептейтін әділетсіздікке қарсы шеруге шықты.
Моңғолия заңнамасына сәйкес, Моңғолия Халық партиясының өкілі, Парламент спикері Сандагийн Бямбацогт президент міндетін атқарушы қызметіне кіріседі және төрт ай ішінде президенттік сайлау өткізілуі тиіс.






















