ӘЛЕМ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
2 ... минут оқылды
“AirAsia” 150 “Airbus A220” ұшағына тапсырыс берді
Малайзиялық “AirAsia” әуе компаниясы Азиядағы және ұзақ қашықтықтағы нарықта кеңею стратегиясы аясында “Airbus” пен 150 дана “A220-300” ұшағын сатып алу жөнінде 19 миллиард долларлық рекордтық келісімге қол қойды.
“AirAsia” 150 “Airbus A220” ұшағына тапсырыс берді
(МҰРАҒАТ) Бас директор Ларс Вагнердің айтуынша, "AirAsia" "A220" ұшағының 160 орындық жаңа нұсқасына алғаш тапсырыс берген әуе компаниясы атанды. / Reuters

Оңтүстік-Шығыс Азиядағы “AirAsia” компаниясы Канадада өндірілген 150 “Airbus A220-300” жолаушы ұшағын сатып алу үшін 19 миллиард долларлық келісімге қол қойды. Лоукостер ретінде қызмет көрсететін “AirAsia” әуе компаниясы болашақтағы сұранысқа қарай тапсырыс көлемін екі еселеуі мүмкін екенін де білдірді.

Келісім Airbus компаниясының Канаданың Мирабель қаласындағы зауытында жарияланып, Малайзия тарихындағы ең ірі тапсырыс ретінде бағаланды. AirAsia компаниясының негізін қалаушылардың бірі Тони Фернандес бұл келісімді «келесі даму кезеңіне арналған мінсіз құрал» деп атады.

AirAsia бұл келісімнің «болашақтағы сұранысқа қарай “A220 ұшақ тобы бойынша тапсырысты 300 ұшаққа дейін арттыруға стратегиялық мүмкіндік беретінін» хабарлады.

Airbus Commercial Aircraft компаниясының бас директоры Ларс Вагнер A220 ұшақтарының «Азия бойынша бұрын мүмкін болмаған жаңа бағыттарды ашатынын» айтты.

Вагнер жаңа әуе флоты 2028 жылдан бастап жеткізіле бастағаннан кейін ірі ұшақтардың Солтүстік Америка, Аустралия және Еуропа бағытындағы ұзақ қашықтықтағы рейстерге бағытталатынын жеткізді.

Сондай-ақ Вагнер AirAsia компаниясының осы тапсырыс арқылы A220 ұшағының жаңа 160 орындық конфигурациясының «әлемдегі алғашқы тапсырыс берушісі» атанғанын айтты.

Рәсімге қатысқан Канада премьер-министрі Марк Карни: «150 ұшақ Канададағы зауыттарда канадалық жұмысшылардың қолымен өндіріледі. Мыңдаған инженер, электр маманы, болат дәнекерлеуші және IT саласының қызметкері үшін бұл әлем бойынша миллиондаған адамды байланыстыратын ерекше ұшақтарды жасауға мүмкіндік беретін жоғары жалақымен қамтамасыз етеін әрі қызықты жұмыс болады», - деді.

Канада A220 ұшақ тобының өндірісі арқылы Airbus компаниясының Еуропадан тыс ірі бағдарламасын басқаратын жалғыз ел болып отыр.