САЯСАТ
3 ... минут оқылды
Сауд Арабиясының Қорғаныс министрі Халид бин Салман Тегеранға барды
Эр-Рияд министрі Иран мен АҚШ арасында Римде өтетін ядролық келіссөздердің екінші кезеңі алдында Иранның рухани көшбасшысы Әли Хаманей, президент Месуд Пезешкиян және Бас штаб бастығы Мұхаммед Бакиримен кездесті.
Сауд Арабиясының Қорғаныс министрі Халид бин Салман Тегеранға барды
/ AP

Сауд Арабиясының Қорғаныс министрі ханзада Халид бин Салман демалыс күндері Иран мен АҚШ арасында өтетін Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі келіссөздер қарсаңында ресми тұлғалармен байланыс жасау үшін Тегеранға келді.

Қорғаныс министрі бейсенбі күні Сауд Арабиясының патшасы Салман бин Абдулазиздің жолдауын Иранның рухани көшбасшысы Әли Хаманейге жеткізді. Иранның мемлекеттік ақпарат құралдары жолдаудың мазмұны туралы мәлімет бермеді.

Ханзада Халид “X” аккаунтында жариялаған хабарламасында: «Екіжақты қарым-қатынасымыз және ортақ мүдде салаларымызды талқыладық» деді.

Әли Хаманей де кездесуді өзінің “X” аккаунтында растады, бірақ хаттың мазмұны туралы ақпарат бермеді.

Ханзада Халид Иран президенті Месуд Пезешкиянмен де кездесті. Кездесуде Сауд Арабиясы мен Иран арасындағы қатынастар қаралып, бұл қатынастарды дамыту жолдары талқыланды.

Ханзада Халид сонымен қатар: «Аймақтық және халықаралық ахуалды және осыған байланысты атқарылып жатқан жұмыстарды да талқыладық», — деді.

Римдегі Иран-АҚШ келіссөздері

Иран мен АҚШ Тегеранның даулы уран байыту бағдарламасына қатысты келіссөздердің екінші кезеңін осы демалыс күндері Римде өткізбекші.

Иранның мемлекеттік ақпарат құралдарына сәйкес, Иранның рухани көшбасшысы Әли Хаманей кездесуде: «Иран Ислам Республикасы мен Сауд Арабиясы арасындағы қарым-қатынастар екі ел үшін де пайдалы деп сенеміз», — деді.

Хаманей Тегеранның Эр-Риядпен қарым-қатынастарды дамыту жолындағы кедергілерді жоюға дайын екенін атап өтті.

Иран мен Сауд Арабиясы көпжылдық дұшпандықтан кейін Парсы шығанағындағы тұрақтылық пен қауіпсіздікке қатер төндірген шиеленісті тоқтату мақсатында 2023 жылы Қытайдың арағайындығымен қатынастарды қайта бастау туралы келіскен еді.

Сауд Арабиясы Иран мен АҚШ арасындағы ядролық келіссөздерді құптап, аймақтық және халықаралық дауларды шешуге бағытталған әрекеттерді қолдайтынын сенбі күні елдің ресми ақпарат агенттігі жариялаған мәлімдемеде білдірді.

Иранның мемлекеттік ақпарат құралдарына сәйкес, Иран Бас штаб бастығы Мұхаммед Бакири Тегеранда Сауд Арабиясының министрімен кездесуінен кейін «Пекин келісімінен бері Сауд Арабиясы мен Иран қарулы күштерінің арасындағы қарым-қатынастар дамып келеді», — деді.

Бакири аймақтық қауіпсіздік «ортақ стратегиялық мүдде» екенін баса айтып, Тегеранның саясаты көрші елдермен қатынастарды нығайтуға негізделгенін білдірді.

“IRNA” агенттігінің хабарлауынша, Бакири: «Осы себепті екі елдің қарулы күштері арасындағы қатынастардың кеңеюі мен нығаюы, кең ауқымды аймақтық ынтымақтастық үшін берік негіз құруы мүмкін», — деді.

2016 жылдан бергі қатынастар

Бейсенбі күнгі сапар екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың қайта жандануынан бері жоғары дәрежелі саудтық қорғаныс өкілінің Тегеранға жасаған екінші сапары болды.

2024 жылдың қарашасында Сауд Арабиясы Қарулы күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Файяд бин Хамед әл-Рувайли екіжақты әскери келіссөздер үшін Тегеранға барған болатын.

Екі аймақтық держава арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 2023 жылдың наурызында Пекинде Қытай арағайындығымен өткен келіссөздерден кейін қайта орнатылды. Бұл даму 2016 жылы Сауд Арабиясы шиіт діни жетекшісі Нимр әл-Нимрді өлім жазасына кескеннен кейін Ирандағы саудиялық дипломатиялық миссияларға наразылар шабуыл жасағаннан басталған жеті жылдық дипломатиялық үзілісті тоқтатты.

 

 

Іздеу
Таза энергия инвестициялары Түркияның экологиялық әлеуетін күшейтуде
Зеленский: «Ресей кем дегенде 707 украин баланы өлтірді»
Министр Фидан Оңтүстік Кореяда
Түркия мен Сирия экономикалық әріптестікті нығайтуға ниетті
Түркия Қорғаныс министрлігі: "Грекия мен Оңтүстік Кипрдің қарулану әрекеттері жіті бақылануда"
Марс орбитасындағы “MAVEN” ғарыш аппаратының миссиясы аяқталды
Жаһандық ислам экономикасы саммиті басталды
Стамбулда «Нөлдік қалдық» фестивалі басталды
Иран соғысы Жапонияда пластикалық пакет дағдарысын бастады
Әлем чемпионатында су бөтелкелеріне рұқсат берілмейді
Президент Трамп: “Иранмен бейбіт келісім демалыс күндері жасалуы мүмкін”
Гуманоид роботтар нарығында инвестициялық бәсеке қызып жатыр
Ливан мен Израиль жаңа бітім келісіміне қол қойды
«Трамп Түркияда өтетін НАТО саммитіне қатысады»
Чилидегі студенттер шеруі қақтығысқа ұласты