Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан сенбі күні Германия канцлерінің соңғы мәлімдемесіне тоқталып, Анкараның Еуропалық Одаққа кіру талпыныстарында жақын уақытта жаңа ілгерілеу болуы мүмкін екеніне сенетінін айтты.
«A Haber» арнасындағы тікелей эфирде Фидан Фридрих Мерцтің Түркияның ЕО мүшелігін қолдаған сөзіне пікір білдіріп, оны саяси ерік-жігердің маңызды жаңаруы ретінде бағалады.
Фидан: «Бұл кезеңде Еуропалық Одақпен жаңа бір ілгерілеу болады деп сенемін. Германия канцлерінің Анкарада Германияның Түркияны ЕО құрамында көргісі келетінін ашық айтуы ˗ саяси еріктің маңызды жаңаруы. Оның дәл Германия тарапынан айтылуы ерекше маңызды, біз мұны жоғары бағалаймыз»,- деді.
Түркияның ЕО-ға қосылу үрдісіне қатысты сұраққа жауап берген ол Анкара мен Брюссельдің жаңа шарттар мен жаңа психологиялық парадигма негізінде жұмыс істеп жатқанын, ал бұл жаңаша тәсілдер мен саясатты қажет ететінін атап өтті.
Сондай-ақ ол 2023 жылдың мамыр айында президент Режеп Тайып Ердоғанның қайта сайлануы осы үдерістің маңызды қозғаушы күші болғанын ерекше атап өтті.
«Сайлаудан кейін президент маған бұл құжат бойынша жұмыс істеуімді жеткізді»,- деген Фидан бұл тапсырманың оған ЕО саясаты бойынша тікелей өкілеттік бергенін айтты.
Еуропалық Одақтың қорғаныс өнеркәсібі
Фидан сонымен қатар ЕО-ның қауіпсіздік және қорғаныс саласындағы басымдықтарында байқалған соңғы өзгерістерге тоқталды.
ЕО-ның қауіпсіздік архитектурасын қайта қалыптастыруға бағытталған әрекеттері одақтың қорғаныс өнеркәсібін жандандыруға айқын басымдық беріп отырғанын атап өтті.
Бұл басымдық Ресей-Украина соғысынан кейін күшейе түскені, ал Трамп әкімшілігі кезеңінде одан әрі жеделдегені айтылды.
Фиданның мәліметінше, ЕО мүше мемлекеттердің қолжетімді әскери-қорғаныс әлеуетін қолдау үшін 150 млрд еуро көлемінде төмен пайызды ортақ қор құруды жоспарлап отыр.
Бұған қоса одақ қаржылық ережелер шеңберінде қарыз лимитін алып тастап, бүгінгі мәселені шешуге арналған механизм деп сипатталған қосымша 800 млрд еуролық қорды іске қосқан.
Министр Фидан кандидат елдерге арналған кейбір қаржылық механизмдер ЕО-ға мүше мемлекеттердің мақұлдауына тәуелді екенін атап өтіп, «Бұл жерде Түркия үшін Грекия және Кипр грек әкімшілігіне байланысты кейбір қиындықтар туындауы мүмкін»,- деді.
Алайда ол 800 млрд еуролық қордың сондай-ақ Еуропада түркиялық капиталға негізделген кәсіпорындар мен бірлескен компаниялар санының артуы, Түркияның ЕО қаржылық құралдарын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Фидан түрік компанияларының жаңа фирмалар мен серіктестік жобалары арқылы ЕО аумағында артқан рөлі Түркияның аталған қорларды анағұрлым тиімді игеруіне жол ашатынын айтты.
Сонымен қатар Фидан Анкараның тек ЕО аясында ғана емес, шығыс, солтүстік және Жерорта теңізі аймағындағы серіктестерімен де өркендеуге негізделген ынтымақтастық орнатуды мақсат ететінін мәлімдеді.
Түркияның дамуына тоқталған Фидан Түркияның ірі инфрақұрылым, энергетика, қорғаныс, денсаулық сақтау, байланыс және білім беру салаларындағы жобаларын негізінен ЕО-ның маңызды қаржылық көмек құралдарынсыз-ақ жүзеге асырғанын айтты.
Сыртқы істер министрі Хакан Фидан: «Қазір Түркия көптеген еуропалық мемлекеттен әлдеқайда жоғары деңгейдегі инфрақұрылымға ие, ал халық саны 90 миллионға жақындап келеді»,- деді.
Кипрлік түрік халқы екінші санатты мәртебені қабылдамайды
Сыртқы істер министрі Кипр мәселесіне тоқталып, Анкараның Кипр түріктерінің тең егемен құқықтарын қорғауды жалғастыратынын атап өтті. Ол: «Олар ешқашан екінші санатты мәртебені қабылдамайды және біз де кепіл ел ретінде мұны қабылдамаймыз», - деп екі мемлекет негізіндегі шешімнің ең шынайы әрі тұрақты формула екенін айтты.
Фидан сондай-ақ Түркияға жасаған сапары барысында Солтүстік Кипр Түрік Республикасының президенті Туфан Ерхүрманмен кездескенін және сыртқы саясат, коммуникация және бірлескен іс-қимыл салаларында үйлестіруді күшейту мәселелерін талқылағанын жеткізді.
Ол Еуропалық Одақты «Кипр гректерінің мәселесін өз жүйесіне енгізіп алды» деп сынға алып, одақтың шешім қабылдау ережелері қайталанатын ішкі тоқырауларға алып келгенін айтты.
Сыртқы істер министрі Хакан Фидан ЕО-ның кейбір маңызды мәселелер бойынша, оның ішінде Түркияға қатысты мәселелерде де шешім қабылдай алмауына байланысты одақтың бірауыздан білікті көпшілік қағидасына көшу жолдарын қарастырып жатқанын мәлімдеді.




























