Трамп Украинаға “Tomahawk” зымырандарын жібермек

АҚШ президенті Украинаның “Tomahawk” зымырандарын талап етіп отырғанын хабарлады.

“Соғыстың бітуін қалаймын,”- деді АҚШ президенті Трамп. / AFP

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украина арасындағы соғыс шешілмесе, Украинаға “Tomahawk” қанатты зымырандарын жіберетінін айтты.

Трамп жексенбі күні Газадағы бітімге қатысты Шарм-эль-Шейх саммитіне қатысу үшін аймақ елдеріне бара жатқан кезде президенттік ұшақта тілшілерге берген сұхбатында Украинаның «Tomahawk» талап еткенін хабарлады.

Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленскиймен өткен кездесулеріне сілтеме жасап, «Біз бұл туралы сөйлестік, алдағы уақытта қарастырамыз», - деді.

Трамп сонымен қатар: «Әрине, Ресеймен сөйлесуім керек болуы мүмкін. Олар Tomahawk-тардың сол жаққа баруын қалай ма? Қаламайды деп ойлаймын. Ашығын айтқанда, бұл туралы Ресеймен сөйлесуім керек», - деп, бұл зымырандарды «жаңа агрессия қадамы» деп сипаттады.

Трамп тілшілерге: «Қараңыздар, егер бұл соғыс бітпесе, оларға Tomahawk жіберемін. Tomahawk-тың сенімді және өте агрессивті қару екенін айта аламын. Шынын айтсам, Ресейге бұл керек емес... Егер соғыс шешілмесе, біз бұлай жасайтынымызды айта аламын. Мүмкін жасамаймыз, ал мүмкін жасаймыз. Мен соғыстың бітуін қалаймын», — деді.

Трамптың бұл мәлімдемелері Зеленскийдің жексенбі күні Трамптың Газаға қатысты бітім жоспарына ұқсас тәсіл Ресей–Украина соғысын аяқтай алатыны туралы «үміт» білдіргенінен кейін жасалды.

Зеленский сонымен қатар екі ел АҚШ-тың Киевке ұзақ қашықтыққа арналған “Tomahawk” қанатты зымырандарын жіберуі бойынша жұмыс істеп жатқанын айтқан болатын.

Өткен дүйсенбіде Трамп “Tomahawk” туралы шешім қабылдауға жақын екенін айтып, «Олармен не істейтінін, зымырандарды қайда ататынын білгім келеді», - деп қосты.