Оңтүстік Корея мен Украина сыртқы істер министрлері Киев билігінің Солтүстік Кореяның екі әскери тұтқынын Сеулге жеткізгенін жариялағаннан кейін екі ел арасындағы қарым-қатынасты қалпына келтіру жолдарын талқылады.
“Yonhap” ақпарат агенттігінің сәрсенбі күні хабарлауынша, Оңтүстік Корея Сыртқы істер министрі Чо Хён мен Украина Сыртқы істер министрі Андрей Сибига сейсенбі күні Парижде өткен G7 елдері сыртқы істер министрлерінің кездесуі аясында бас қосты.
Бұл қыркүйекте басталған келіспеушіліктен кейінгі олардың алғашқы бетпе-бет кездесуі болды.
“Yonhap” агенттігінің Оңтүстік Корея Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлауынша, министр Чо екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамыту үшін өзара құрмет пен сенім, сондай-ақ екіжақты келісімдерді сақтау негізгі алғышарттар екенін атап өтті. Ол екі ел арасындағы қазіргі мәселелердің кедергісіз шешілетініне үміт білдірді.
Оңтүстік Корея Сыртқы істер министрі Чо Хённің әскери тұтқындарға қатысты келіспеушілікті меңзегені және Сеул билігінің осы мәселе бойынша кешірім сұрауды, сондай-ақ мұндай жағдайдың қайталануына жол бермейтін шаралар қабылдауды талап еткені айтылды.
Чо Сеулдің Украинаға гуманитарлық көмек көрсету және елді қалпына келтіру жұмыстарына қолдау көрсету жолдарын іздеуді жалғастыратынын мәлімдеді.
Министрліктің мәлімдемесіне сәйкес, Украина Сыртқы істер министрі Андрей Сибига да екіжақты қарым-қатынасты тұрақты сақтап, нығайту үшін бірлескен дипломатиялық күш-жігер жұмсауға шақырды.
Екі ел арасындағы қарым-қатынас Украина президенті Владимир Зеленскийдің қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясында аталған әскери тұтқын алмасу туралы мәлімдегеннен кейін нашарлаған еді.
Осы мәлімдемеден кейін Сеул билігі өткен айда Украинадағы елшісін кері шақырып алып, елшілік қызметкерлерінің шамамен жартысын Оңтүстік Кореяға қайтарған болатын.





















