Түркия мен Нигерия сауда көлемін арттырды
Бизнес көшбасшылар Нигерия президенті Бола Ахмед Тинубудың Түркияға жасаған сапары қорғаныс, білім беру және өндіріс салаларында жаңа мүмкіндіктер бергенін мәлімдеді.
Нигерия-Түркия Іскерлік кеңесінің төрағасы Деле Ойенің айтуынша, Нигерия президенті Болa Ахмед Тинубудың Түркияға жақында жасаған сапары кезінде тоғыздан астам екіжақты келісімге қол қойылғаннан кейін, екі ел арасындағы сауда және инвестициялық байланыстар артты.
Анадолы агенттігіне берген сұхбатында Ойе бұл келісімдер жоғары білім, қорғаныс, сауда, диаспора, халал өнімдер және басқа да стратегиялық салаларды қамтитынын айтты. Оның сөзінше, бұл құжаттар түрік компанияларының Нигерия нарығына кіруін жеңілдетуі мүмкін.
Ойе: «Бұл келісімдер Нигерияға инвестиция салғысы келетін және бизнес жүргізгісі келетін түрік компаниялары үшін мүмкіндіктер аясын кеңейтіп, үдерісті жеңілдетеді», - деді.
Ол халқы 230 миллионнан асатын Нигерия кең тұтынушы нарығын және Африка құрлығына шығу үшін стратегиялық алаң ұсынатынын атап өтті.
«Африкаға ашылатын қақпа саналатын Нигерия инвесторларға үлкен нарық ұсынады», - деген Ойе елдің 1,3 миллиард адамды қамтитын нарыққа қол жеткізуге мүмкіндік беретін Африка құрлығының еркін сауда аймағы ұйымына мүше екенін атап өтті.
Сондай-ақ Ойе Қытайдың 2025 жылы Африкадағы 53 елмен сауда келісімдерін жасайтынына тоқталып, Нигерияда жұмыс істейтін түрік компаниялары елді Қытаймен сауда жасау үшін көпір ретінде пайдалана алатынын айтты.
«Сондықтан түрік компанияларына Нигерияға орнығып, оны Африка нарықтарына шығатын қақпа ретінде пайдалану ˗ үлкен мүмкіндік», - деді ол.
Түркияның Нигерия қауіпсіздігіне қолдауы
Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық екі ел арасындағы қарым-қатынастың негізгі тірегі болып қала бермек. Ойе Нигерияның қауіпсіздік мәселелерін шешуде Түркияның қолдауына алғыс білдіріп, Нигерияның Қорғаныс министрі мен қарулы күштер қолбасшылары президент делегациясының құрамында болғанын айтты.
Ойенің сөзінше, Түркия қазіргі уақытта Нигерияға ұшақ, тікұшақ және түрлі ірі өнеркәсіптік өнімдер жеткізіп отыр.
«Сауданы одан әрі кеңейту үшін осында келдік», - деді ол.
Ойе екі ел инвестициялық тәуекелдерді азайту және нарыққа қолжетімділікті жақсарту үшін жоғары деңгейдегі Бірлескен экономика және сауда комитетін құрғанын айтты.
10 миллиард долларлық мақсат
Жаңа келісімдерге тоқталған Ойе қазіргі таңда екіжақты сауда көлемінің жылдық мөлшері шамамен 2 миллиард доллар екенін, алайда 2026 жылға қарай бұл көрсеткіш 10 миллиард доллардан асуы мүмкін екенін жеткізді.
«Нигерияда түрік өнімін пайдаланбайтын бірде-бір үй жоқ», - деген Ойе терең экономикалық байланыстарды нәтижелі деп сипаттады.
Ол Нигерияда жалғасып жатқан экономикалық реформалар нәтиже бере бастағанын, соңғы екі жылда сауда профициті тіркелгенін және сауда тапшылығы тоқтағанын айтты. Сондай-ақ Ойе Нигерия мен Түркия арасындағы қатынастар екі елдің де отарлық өткенінің болмауы арқасында саяси, мәдени және дипломатиялық тұрғыдан берік екенін атап өтті.
«Біз нигериялықтар үшін Түркия екінші үйіміз сияқты. Сол сияқты Нигерия да түрік кәсіпкерлері үшін екінші үй бола алады», - деді ол және компанияларды екі үкімет ұсынған мүмкіндіктерді пайдалануға шақырды.