Дания Қорғаныс министрлігі халықаралық су айдынында әуе күштерінің тікұшағына ресейлік фрегаттан сигналдық зымыран атылғанын хабарлады.
Министрліктің жазбаша мәлімдемесінде тікұшақтың Данияның Фальстер аралының оңтүстігіндегі Гедсер маңындағы халықаралық су айдынында жоспарлы фото түсіру жұмыстарын жүргізгені айтылды.
Мәлімдемеде халықаралық су айдынында болған ресейлік фрегаттан тікұшаққа қарай екі сигналдық зымыран атылғаны атап өтілді.
«Екі сигналдық зымыран атылды. Олардың бірі тікұшақтың жақын тұсынан өтті», – делінген хабарламада.
Оқиға салдарынан тікұшақ пен оның экипажы зардап шеккен жоқ.
Ресейдің Даниядағы елшісі Сыртқы істер министрлігіне шақырылды
Дания Сыртқы істер министрлігінің «X» әлеуметтік желісіндегі парақшасында Сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссеннің пікірі жарияланды.
Расмуссен болған оқиғаны қабылдауға болмайтын жағдай деп бағалап, Ресейдің Даниядағы елшісі Владимир Барбинді министрлікке шақырғанын мәлімдеді.
Дания премьер-министрі Метте Фредериксен де Ресейдің барған сайын «агрессивті» ұстаным танытып отырғанын айтып, «Ресей НАТО-ны сынап, қысым жасап отыр. Бұған біздің жауабымыз — өзара ынтымақтастығымызды күшейтіп, Дания мен Еуропаның қорғанысын нығайту», – деді.



















