Хорватия қорғаныс министрі Иван Анушич Сербияның шабуылдаушы қару-жарақ жүйелерімен қарқынды түрде қаруланып жатқанын және ұшу қашықтығы 400 шақырымнан асатын Қытайда жасалған гипердыбыстық зымырандарға ие екенін мәлімдеді.
Иван Анушич Венгрияның шекара маңындағы Ленти қаласында осы елдің қорғаныс министрі Ромулус Русин-Сендимен кездесті.
Кездесу барысында Анушич Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы тұрақтылықты сақтау Хорватия мен Венгрияның мүддесіне сай екенін атап өтіп, Сербияның қарулану жағдайына тоқталды.
Оның айтуынша, Сербия шабуылдаушы қару-жарақ жүйелерін сатып алып, әскери әлеуетін күшейтіп жатыр. Сондай-ақ елдің ұшу қашықтығы 400 шақырымнан асатын Қытайдың гипердыбыстық зымырандарын сатып алғанын жеткізді.
Екі министр қорғаныс өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін де талқылады. Анушич венгриялық әріптесіне Хорватияның қорғаныс өнеркәсібі компанияларын таныстырды.



















