ӘЛЕМ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
3 ... минут оқылды
Ресей Түркияға ризашылығын білдірді
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Мәскеудің келіссөз үдерісінің жалғасуы үшін барлық жағдайды жасауға дайын екенін айтты.
Ресей Түркияға ризашылығын білдірді
Ресей Түркияға ризашылығын білдірді / Reuters
26 Қараша 2025

Кремль Ресей-Украина соғысына қатысты жалғасып жатқан шешім іздеу үдерісіне қолдау көрсеткені үшін Түркияға алғыс білдіретінін хабарлады.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков сейсенбі күні өткен брифингте журналистерге: «Түркия тарапы өз қызметтерін ұсынуды жалғастырып келеді, сондықтан түрік достарымызға ризашылығымызды білдіреміз. Біз келіссөз үдерісінің жалғасуы үшін барлық қажетті жағдайды жасауға дайынбыз», - деді.

Песковтың бұл мәлімдемесі Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен Ресей президенті Владимир Путиннің дүйсенбі күні өткізген телефон әңгімесінен бір күн өткен соң жарияланды. Әңгіме барысында үш жарым жылдан астам уақытқа созылған соғыстың ахуалы, сондай-ақ өңірлік және жаһандық мәселелер талқыланған болатын.

Телефон әңгімесінде Ердоған Анкараның Ресей-Украина соғысының әділ әрі тұрақты бейбіт келісіммен аяқталуына жәрдемдесуге бағытталған күш-жігерін жалғастыратынын жеткізді.

Түркия президент аппараты жанындағы Коммуникация басқармасының мәліметінше, Ердоған Анкараның қақтығысушы тараптар арасындағы тікелей байланысқа мүмкіндік беретін және тұрақты бейбітшілікке негіз болатын дипломатиялық бастамаларға үлес қосуға дайын екенін атап өткен.

Түркия Ресей-Украина соғысының алғашқы аптасынан бастап Мәскеу мен Киев арасындағы маңызды дипломатиялық байланыстарға араағайын болып келеді. Бұл байланыстардың ішінде биыл Стамбулда өткен үш кезеңнен тұратын бейбіт келіссөздер де бар. Бұл келіссөздер ауқымды тұтқын алмасуды және болашақтағы ықтимал бейбіт келісім үшін тараптардың өзара ұстанымдарын көрсететін жобалық құжат алмасуды қамтамасыз етті.

АҚШ ұсынған жоспар

Песков Украинадағы соғысты аяқтауды көздейтін АҚШ жоспары төңірегіндегі пікірталастарға да тоқталып, Ресей құжаттың жаңартылған нұсқасын әлі алмағанын айтты.

Бұл құжаттың келіссөздерге негіз болатынын қайталаған Песков жоспардың биылғы жылдың басында Аляскада өткен Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамп арасындағы саммитте қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес дайындалғанын атап өтті.

Песков Ресейдің Украинадағы мақсаттарына дипломатиялық жолмен жетуге деген қызығушылығын және келіссөздерге ашық екенін жеткізді.

Ол: «Әрине Еуропада қауіпсіздік жүйесін талқылау, жалпы қауіпсіздік жүйесі болмайынша қауіпсіздік кепілдіктері туралы айту қиын және еуропалықтардың қатысуынсыз іс жүзінде мүмкін емес. Белгілі бір кезеңде бұл сөзсіз қажет болады», - деді.

Сондай-ақ ол Кремльдің Ресей және АҚШ өкілдерінің БАӘ астанасы Абу-Дабиде өткізген кездесулері жайлы жаңалықтарды мұқият бақылап отырғанын, алайда бұл бағытта әзірге ешқандай ілгерілеу жоқ екенін айтты.

Бұған дейін «Financial Times» газетінің хабарлауынша, АҚШ Әскери құрлық күштері хатшысы Дэн Дрисколл үш жарым жылдан астам уақытқа созылған соғысты аяқтауға бағытталған бейбіт келісім бойынша Украина Қорғаныс барлау басқармасының басшысы және Ресей делегациясымен келіссөздер жүргізу үшін дүйсенбі күні Абу-Дабиге келген.

АҚШ-тың бір өкілі мен кездесу туралы хабардар екі адамның дерегіне қарағанда, Дрисколл мен Ресей тарапы дүйсенбі кешке келіссөздерді бастаған, кездесу сейсенбі күні де жалғасуы жоспарланған.

АҚШ, Украина және еуропалық одақтастардың өкілдері жексенбі күні Женевада бас қосып, соғысты аяқтауға қатысты ұсынысты талқылаған болатын.

Трамп АҚШ тарапынан әзірленген бұл жоспардың өзінің «соңғы ұсынысы» емес екенін айтқан, себебі бұл ұсыныс Киев пен оның одақтастары арасында алаңдаушылық тудырған болатын.

Дүйсенбі күні кешке Украина президенті Владимир Зеленский келіссөздерден кейін 28 тармақтан тұратын жоспардың  енді әлдеқайда аз тармақтан тұратынын және тармақтардың басым бөлігінің дұрыс екенін мәлімдеді.

Сол күні Юрий Ушаков АҚШ-тың бұл жоспарды талқылау үшін жақын арада Мәскеумен байланысқа шығуы күтілетінін айтқан, алайда мұндай кездесу үшін әзірге нақты келісім жасалмағанын атап өткен.

Іздеу
Израиль 6 апталық үзілістен кейін Әл-Ақса мешіті мен Қасиетті Қабір шіркеуін қайта ашады
Ливан  бір күндік ұлттық аза тұту күнін жариялады
«Хезболла» ұйымы Израильдің солтүстігіне зымыран шабуылын жасады
Түрік барлау қызметі аймақтық шиеленісті бәсеңдетуге қалай көмектесуде?
Стамбулдағы полиция бекетіне жасалған террорлық шабуылдан кейін 10 адам ұсталды
Президент Ердоған АҚШ пен Иран арасындағы бітімді құптады,«арандатушылықтардан» сақтандырды
Түркия уақытша бітімді құптайды және оның «толық жүзеге асырылуын» талап етеді
АҚШ пен Иранның келісімінен кейін мұнай бағасы төмендеп, акциялар артты
Трамп Ормуз бұғазының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде АҚШ-тың рөліне назар аударды
Иран: “АҚШ 10 тармақтан тұратын бейбітшілік ұсынысын «принципті түрде» қабылдады”
АҚШ пен Иран атысты тоқтату туралы келісті, келіссөздер Исламабадта өтеді
Түркия мен Пәкістан Сыртқы істер министрлері Ирандағы соғысты талқылады
АҚШ пен Израиль Иранның Харк аралын атқылады
Иранның әуежайлары мен қалаларына әуеден шабуыл жасалды
Стамбулдағы Израиль консулдығы маңында болған қарулы қақтығыста үш террорист залалсыздандырылды