АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф Ресей президенті Владимир Путинмен Санкт-Петербург қаласында кездесіп, Украинадағы соғысты тоқтатуға арналған бейбітшілік ұсынысын таныстырады.
«Axios» басылымына сұхбат берген аты-жөні жарияланбаған америкалық шенеуніктің айтуынша, Уиткофф бүгін Санкт-Петербургте Путинмен келіссөз жүргізеді.
Кездесуге Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер де бейнебайланыс арқылы қатысады. Уиткофф Ресей президентіне 2022 жылдың ақпанынан бері жалғасып келе жатқан соғысты тоқтатуға бағытталған жаңартылған ұсынысты ұсынады.
АҚШ өкілі жаңа ұсыныс үшжақты және кеңейтілген көпжақты келіссөздерге жол ашады деп үміттенетінін жеткізді. Оның айтуынша, кеше Норвегияда өткен кездесуде соғысты тоқтатуға арналған негіздемелік келісім бойынша ортақ ұсыныс әзірлеуге баса назар аударылған.
Шенеунік Украина тарапының жан-жақты талқыланған тың идеялар мен ұсыныстар енгізгенін, сондай-ақ алдағы қадамдарға қатысты маңызды ортақ түсіністікке қол жеткізілгенін атап өтті.
Кеше Норвегия астанасы Ослода өткен кездесуде Стив Уиткофф Украина президенті Владимир Зеленскиймен, Норвегия премьер-министрі Йонас Гар Стёремен, сондай-ақ Ұлыбритания, Франция, Германия және Польша өкілдерімен кездесті. Келіссөздерге Еуропалық одақ пен НАТО өкілдері де қатысты.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Зеленскийдің Ресеймен келісім жасайтын уақыты келгенін айтып, «АҚШ Украинаға орасан зор қаржы жұмсады. Еуропа да қыруар қаражат бөлді. Қазір Еуропа бұл жағдайдан әбден шаршады», – деген болатын.

























