БҰҰ Бас хатшысы Израильдің Ливанға шабуылдарын айыптады

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш халықаралық құқыққа сәйкес бейбіт тұрғындарды қорғау қажет екенін айтып, соғыс әрекеттерін дереу тоқтатуға шақырды.

By
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Бейруттың Таллет әл-Хайят ауданы атқылаудың негізгі нысанасы болған. / AA

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш бейбіт тұрғындар арасындағы шығынның көбеюі мен аймақтық бейбітшілікке бағытталған күш-жігерге төнген қатерге байланысты Израильдің Ливан аумағындағы шабуылдарын қатаң түрде айыптады.

Сәрсенбі күні жасаған мәлімдемесінде Гутерриш 8 сәуірдегі шабуылдар салдарынан балаларды қоса алғанда жүздеген бейбіт тұрғынның қаза тауып, жараланғанын және азаматтық инфрақұрылымға елеулі залал келгенін айтты.

Бейбіт тұрғындар арасындағы шығынның артуына қатты алаңдаушылық білдірген Бас хатшы адам өлімін қатаң айыптады.

БҰҰ Бас хатшысы Ливан үкіметі мен халқына көңіл айтып, жараланғандардың тезірек сауығып кетуін тіледі.

Мәлімдемеде: «Иран мен АҚШ арасындағы бітім жарияланғаннан кейін Ливанда жалғасып жатқан әскери әрекеттер бітімге және өңірде тұрақты әрі жан-жақты бейбітшілік орнату күш-жігеріне елеулі қауіп төндіреді», - деп айтылып, «Бас хатшы барлық тарапты соғыс қимылдарын дереу тоқтатуға қайта шақырады» делінген.

Дипломатияға шақыру

Гутерриш халықаралық құқықты, әсіресе халықаралық гуманитарлық құқықты сақтау қажеттігін атап өтіп, бейбіт тұрғындар мен азаматтық инфрақұрылым әрдайым қорғалуы тиіс екенін және оларды нысанаға алатын шабуылдардың «қабылдауға болмайтынын» баса айтты.

Қақтығыстың әскери шешімі жоқ екенін айтқан Гутерриш барлық тарапты дипломатиялық арналарға сәйкес әрекет етіп, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 1701-қарарын толық орындауға шақырды.