Ресейдің «Росатом» мемлекеттік атом энергиясы корпорациясының бас директоры Алексей Лихачев Аккую атом электр станциясының (АЭС) бірінші реакторына жақын арада отын тиеуді бастаймыз деп үміттенетіндерін және станцияда өндірілген алғашқы электр энергиясы 2027 жылы Түркияның энергетикалық желісіне берілетінін мәлімдеді.
Лихачев Анталияда өтіп жатқан Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы Тараптарының 31-ші конференциясы (COP31) аясындағы «Дүниежүзілік ядролық күндер» іс-шарасында Аккую АЭС-індегі дайындық жұмыстары, жобадағы үлестерге қатысты келіссөздер және жаңа ынтымақтастық мүмкіндіктері жөнінде пікір білдірді.
Аккую АЭС-інің бірінші блогында қазіргі кезеңді марафонның соңғы метрлеріне теңеген Лихачев: «Артымызда жылдарға созылған аса ауқымды жұмыс жатыр және іске қосудың басталуына небәрі бір қадам ғана қалды», – деді.
Лихачев жұмыстардың қазіргі барысына қатысты «Қазіргі уақытта бірінші энергия блогында сынақ жүргізуге рұқсат күтіп отырмыз. Бұл бірінші энергия блогының отынын қоспағанда, барлық жабдықтардың қалыпты пайдалану жағдайында жұмыс істейтінін білдіреді», – деп мәлімет берді.
Түркиядағы жаңа алаңдар бойынша ынтымақтастық
Түркияның 2050 жылға қарай атом энергетикасының белгіленген қуатын 20 гигаватқа жеткізу мақсатына да тоқталған Лихачев бұл көрсеткіштің Түркия сияқты қарқынды дамып келе жатқан экономика үшін шекті деңгей емес екенін айтты.
Лихачев «Росатомның» бұл үдерісте Түркияға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізіп, «Біз Мерсиндегі жобада жұмыс істеп жатырмыз, кадрлар даярлаудамыз және жаңа алаңдарда қандай форматта қатыса алатынымызды айқындау үшін Түркия үкіметімен ынтымақтастық орнатудамыз», – деді.






















