«Балалардың әл-ауқатына инвестиция салу: Болашақ ұрпақтың тұрақты әрі әділ дамуына апарар жол» атты Дүниежүзілік саммитке қатысу үшін Өзбекстанның Самарқанд қаласында жүрген Емине Ердоған мұндағы Имам Бұхари кесенесін зиярат етті.
Имам Бұхари мемориалды кешенін аралаған Емине Ердоған кесенеде дұға етті. Кешен ішіндегі музейге де барып, жәдігерлерді тамашалаған Емине Ердоғанға Имам Бұхаридің өмірі туралы мәлімет берілді.
Аталған зияратқа “NUN Білім және мәдениет қорының” Басқарма төрайымы д-р Есра Албайрак, Өзбекстан президентінің жұбайы Зироат Мирзиёева, Ливан президентінің жұбайы Нимет Авн, Қырғызстан президентінің жұбайы Айгүл Жапарова және Пәкістан премьер-министрінің қызы Аеша Харун қатысты.
Емине Ердоған бұл сапарға қатысты әлеуметтік желідегі парақшасында: «Самарқандтағы Имам Бұхари мемориалды кешенінде рухани сапарда болдық. Өмірін хадис ғылымына арнаған ұлы ғұламаның естелігін сақтаған бұл маңызды мекеннің тарихи әрі мәдени құндылығына жақыннан куә болдық. Ислам цивилизациясына бірегей еңбектер сыйлаған, ғасырлар бойы адамзатқа жол көрсетіп келе жатқан Имам Бұхариді құрметпен еске аламын», – деп жариялады.























