АҚШ, Израиль және Иран арасындағы соғысқа байланысты өңірлік шиеленіс жалғасып жатқан тұста Сауд Арабиясы жұма күні әуе кеңістігін шабуыл сипатындағы әскери операциялар үшін пайдалануға рұқсат бергені туралы ақпаратты жоққа шығарды.
Саудиялық дереккөз “Al Arabiya” телеарнасына берген сұхбатында Эр-Рияд шиеленістің төмендегенін қалайтынын және Вашингтон мен Тегеран арасындағы соғысты тоқтату мақсатында келісімге қол жеткізуге бағытталған Пәкістанның делдалдық күш-жігерін қолдайтынын айтты.
Дереккөз: «Корольдік әуе кеңістігін шабуыл сипатындағы әскери операцияларды қолдау үшін пайдалануға рұқсат берген жоқ. Сауд Арабиясының ұстанымын күмәнді себептермен бұрмалап көрсетуге тырысатын тараптар бар», - деді.
Бұл мәлімдемелер “Wall Street Journal” бейсенбі күні Сауд Арабиясы мен Кувейт АҚШ әскерінің өз базалары мен әуе кеңістігін пайдалануына қойылған шектеулерді алып тастағанын хабарлағаннан кейін жасалды. Бұл шектеулер АҚШ-тың Ормуз бұғазын қайта ашуға бағытталған операциясы басталғаннан кейін енгізілген еді.
Ормузда кемелерге ілесіп жүру жоспары
АҚШ және Сауд Арабиясы шенеуніктеріне сілтеме жасалған хабарда Трамп әкімшілігі АҚШ әскери-теңіз және әуе күштерінің Ормуз бұғазы арқылы өтетін коммерциялық кемелерге ілесіп жүру қызметін қайта бастауға дайындалып жатқаны айтылды. Трамп аптаның басында бұл қызметті уақытша тоқтатқанын мәлімдеген болатын.
28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы шабуылдары басталғаннан кейін өңірлік шиеленіс күрт күшейді. Бұл шабуылдар Иранның Израильге және АҚШ нысандары орналасқан Парсы шығанағы елдеріне қарымта соққы беруіне, сондай-ақ Ормуз бұғазының жабылуына әкелді.
Пәкістанның араағайындығымен 8 сәуірде атысты тоқтату режимі күшіне енді, алайда Исламабадтағы келіссөздерде тұрақты келісімге қол жеткізілмеді. Кейін АҚШ президенті Дональд Трамп нақты мерзім белгілемей, атысты тоқтату режимінің ұзартылғанын жариялады.
АҚШ 13 сәуірден бері бұғаздағы Иранның теңіз қатынасын нысанаға алған теңіз блокадасын жүргізіп келеді.
Трамп сейсенбі күні Ормуз бұғазында кеме қатынасы еркіндігін қалпына келтіру мақсатында басталған «Бостандық жобасын» уақытша тоқтататынын, бірақ АҚШ блокадасын «толық күшінде» қалдыратынын айтты.









