Әр тыныста адам ағзасын улайтын темекі тасталған әрбір қалдық арқылы табиғатты үнсіз тұншықтырады.
Әлем бойынша жыл сайын табиғатқа тасталатын миллиардтаған темекі қалдығы зиянсыз қоқыс сияқты көрінгенімен, шын мәнінде ең қауіпті пластик қалдықтарының бірі. Фильтрлерінде қолданылатын химиялық заттар топырақты және су көздерін ластап, экожүйеге ұзақ жылға созылатын залал келтіреді.
Көп адам білмеуі мүмкін, бірақ бұл қалдықтар табиғатта ондаған жыл бойы ыдырамайды.
Мәселе тек қалдықтармен шектелмейді. Темекі түтінінің газдары ашық не жабық кеңістікке қарамай ауаны ластап, қаланың таза ауасын азайтады.
Әсіресе халық тығыз шоғырланған аймақтарда анық байқалатын бұл ластану бүкіл экожүйенің тынысын тарылтады. Қысқасы, темекі — тек денсаулық мәселесі емес... Темекі — ауадан суға, топырақтан тірі организмдерге дейін сан түрлі қырдан Жердің болашағына қауіп төндіретін экологиялық дағдарыс.
Бұл көрінбейтін қауіп туралы бізге Стамбул Техникалық Университетінен доцент доктор Бөрте Көсе Мутлу айтып берді.
Темекінің тек адам денсаулығына ғана емес, сонымен қатар қоршаған орта мен климатқа да зор зиян келтіретінін айтқан ғалым: "Темекінің әсерін көміртек ізі, климаттың өзгеруі, су ізі және микропластик ластануы тұрғысынан бағалау өте маңызды", - дейді.
Доктор Мутлу әлемде темекі қолдану әлі де кең таралғанын айта отырып, "2010 жылы белгіленген мақсатқа сәйкес, 2025 жылға дейін 15 жастан асқан адамдар арасында темекі қолдануды 30 пайызға азайту көзделген еді. Алайда пандемия, климат дағдарысы және қақтығыстар сияқты жаһандық қиындықтар бұл мақсатқа кедергі болды. Шамамен 95 миллион адам темекіні тастамаған көрінеді және әлі де 1,2 миллиард адам темекі шегеді." -деді.
Енді темекінің қоршаған ортаға қалай зиян келтіретініне тоқталайық... Темекі — тек денсаулық мәселесі ғана емес, өте маңызды экологиялық мәселе.
Мутлу былай дейді: "Темекі өндірісінен бастап тасымалына, тұтынылуынан бастап қалдықты басқаруына дейін барлық кезеңдерінде көмірқышқыл газын шығарады."
Ол сондай-ақ: "Темекі өсіру кезінде қолданылатын тыңайтқыштар мен ауыл шаруашылығы техникалары парниктік газдар шығарындыларын арттырады. Темекі өндірісіндегі энергия тұтыну бұл жүктемені одан әрі көбейтеді. Бір ғана темекі тартылғанда жану процесі арқылы тікелей көмірқышқыл газы бөлінеді." - деп ерекше атап өтті.
Ал ең маңыздысы әлем бойынша тұтынылатын миллиардтаған темекі жаһандық көміртек ізінің көрінбейтін, бірақ едәуір үлкен бөлігін құрайды.
Темекі түтіні тек темекі шегушілер мен жанама шегушілерге ғана емес, атмосфераға да зиян келтіреді. Мутлу былай дейді: "Темекі түтініндегі көміртек тотығы, метан және азот оксидтері климаттың өзгеруін күшейтетін парниктік газдар. Бұл газдар жиналып, ауа сапасын төмендетеді, экожүйелердің тепе-теңдігін бұзады. Яғни темекі — жеке денсаулық мәселесі ғана емес, ортақ климат проблемасы."
Темекі түтіні сияқты оның қалдығы да табиғатқа орасан зор зиян келтіреді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, жыл сайын әлемде шамамен 4,5 триллион темекі қалдығы табиғатқа тасталады. 4,5 триллион! Елестете аласыз ба?
Доктор Мутлу бір темекіні өндіру үшін тұқымнан жинауға, кептіруден қаптауға дейін шамамен 3–4 литр су жұмсалатынын айтады. "Жыл сайын триллиондаған темекі өндірілетінін ескерсек, темекі индустриясы өте үлкен көлемде су қолданады," - дейді ол.
Табиғатқа тасталған темекі қалдықтары құрамындағы никотин, ауыр металдар мен уытты химиялық заттар су көздерін ластап, экожүйеге және адам денсаулығына жанама түрде зиян келтіреді.
Сан-Диего мемлекеттік университетінде жүргізілген зерттеу шынымен таңғаларлық нәтижелер көрсеткен. Зерттеуге сәйкес, бір литр суға бір ғана темекі қалдығы қосылғанда тірі су жануарларының жартысы тіршілігін тоқтатады.
Ойланып көріңіз: Бір литр суда бір ғана темекі қалдығы… және тіршілік иелерінің жартысы жойылады.
Енді ең байқалмайтын, бірақ ең қауіпті мәселе, яғни микропластикке келетін болсақ...
Доктор Мутлу былай дейді: "Темекі қалдықтарының ең көрінбейтін және бәлкім ең маңызды қыры — микропластик әсері."
Мутлу былай түсіндіреді: "Темекі фильтрлерінде целлюлоза ацетаты атты пластик негізіндегі материал бар. Бұл материал табиғатта жүздеген жыл бойы ыдырамай қалады."
Доктор Мутлу фильтрлердің микропластикке айналатынын айта келе зерттеу нәтижесін мысал келтіреді: "Қолданылған бір фильтр күн сайын шамамен 100 микроталшық бөледі. Бұл микропластиктер уақыт өте келе теңізге, көлге, топыраққа таралады."
Және ең маңыздысы: "Микропластиктер азық-түлік тізбегіне еніп, жануарларға да, адамдарға да зиян келтіреді. Сондықтан темекі қалдықтары — бүгінгі ең өзекті экологиялық мәселелердің бірі. Темекі— микропластик ластануының маңызды көзі."
Әрбір темекі қалдығы табиғатта жүздеген жыл сақталып, суымызды улайды, микропластикке айналады және азық-түлігімізге сіңеді.
Темекі — тек темекі шегетіндердің мәселесі емес, бәріміздің мәселеміз. Өйткені оның түтіні ауамызды, қалдығы суымыз бен топырағымызды ластайды.
Саналы болу — өзгерістің алғашқы қадамы. Мүмкін енді жолда жатқан темекі қалдығына басқаша көзбен қарайтын боларсыз немесе темекіні тастауға бір қадам жақындарсыз.
















