ТҮРКИЯ
2 ... минут оқылды
Өнжү Кечели: «Түркия Армениямен сауда бастауға дайын»
Түркия Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Өнджү Кечели Анкараның Армениямен тікелей сауда жүргізуге дайындықтарын аяқтағанын жеткізді.
Өнжү Кечели: «Түркия Армениямен сауда бастауға дайын»
Өнжү Кечели: «Түркия Армениямен сауда бастауға дайын» / AA

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Өнджү Кечели екі ел арасындағы байланысты қалыпқа келтіру үдерісі аясында Армениямен тікелей сауданы бастауға қатысты бюрократиялық дайындықтардың аяқталғанын айтты.

Кечели сейсенбі күні «Х» платформасында жариялаған мәлімдемесінде 2022 жылдан бері жалғасып келе жатқан байланыстарды қалыпқа келтіру үдерісі шеңберіндегі шаралар аясында екі ел арасындағы тікелей сауданы бастауға қатысты бюрократиялық дайындықтардың 11 мамырда толық аяқталғанын хабарлады.

«Екі ел арасындағы шекараны ашуға байланысты техникалық және бюрократиялық жұмыстар әлі де жалғасуда», - деді ол.

Ресми өкілдің айтуынша, енгізілген жаңа өзгерістің арқасында Түркиядан үшінші бір ел арқылы Арменияға жеткізілетін немесе сол бағытпен кері тасымалданатын тауарлардың соңғы жеткізу немесе шығу нүктесін «Армения/Түркия» деп көрсетуге мүмкіндік туған.

Кечели Түркияның Оңтүстік Кавказда тұрақты бейбітшілік пен әл-ауқатты нығайтуға бағытталған тарихи мүмкіндікті пайдалана отырып, өңірдегі экономикалық байланыстарды дамытуға және ынтымақтастықты өңірдегі барлық ел мен халықтардың игілігі үшін одан әрі ілгерілетуге үлес қоса беретінін айтты.

Бұл мәлімдеме 2022 жылы қайта басталған байланыстарды қалыпқа келтіру үдерісі аясында қабылданған сенім шараларының ең соңғысы болды.

Наурыз айында «Turkish Airlines» әуе компаниясы Стамбул мен Ереван арасында күнделікті рейстерді бастады. Ал екі ел осы жылдың басында дипломатиялық және арнайы паспорт иелері үшін виза рәсімдерін жеңілдету жөнінде келісімге келген болатын.

Түркияның Ыгдыр аймағы мен Арменияның Армавир облысын байланыстыратын Алижан-Маргара шекара өткеліндегі құрылыс жұмыстары 90 пайыз аяқталды.

Сондай-ақ тараптар шекара бойында орналасқан ортағасырлық Ани көпірін жөндеуге келісті. Дипломаттар мұны байланыстарды қалыпқа келтіру үдерісіндегі кең ауқымды оң серпінді көрсететін символдық қадам ретінде бағалап отыр.

Түркия мен Армения арасында ресми дипломатиялық байланыс жоқ. Екі ел арасындағы шекара 1993 жылдан бері жабық.

ҚатыстыTRT Қазақ - "Армения мен Әзербайжан арасындағы келісім мен Түркиямен жақсарған қарым-қатынас аймаққа пайдалы"
Іздеу