ТҮРКИЯ
3 минут оқылды
«Газаны палестиналықтар қайта қалпына келтіріп, басқаруы керек»
Түркия Сыртқы істер министрі бітімнен кейін тұтқындардың босатылуы, гуманитарлық көмектің жеткізілуі және Израиль армиясының шегінуі сияқты бірқатар мәселенің жүзеге асырылуы қажет екенін айтты.
«Газаны палестиналықтар қайта қалпына келтіріп, басқаруы керек»
Сыртқы істер министрі Хакан Фидан / Reuters Archive
10 Қазан 2025

Түркияның Сыртқы істер министрі Хакан Фидан: «Газаны қайта қалпына келтіру мен оны басқару палестиналықтар тарапынан жүзеге асырылуы керек», - деп мәлімдеп, халықаралық қауымдастықтың Беньямин Нетаньяхудың қайтадан соғыс бастау ықтималдығына қарсы жоғары дайындықта екенін жеткізді.

Фидан бұл мәлімдемені бейсенбі күні Парижде өткен Газа мәселесіне арналған кездесуден кейін жасады. Бұл жиында Еуропа, Араб әлемі және басқа да серіктес елдердің жоғары деңгейдегі дипломаттары Газадағы жағдайды талқылады.

«Газаны қайта қалпына келтіру мен оны басқару палестиналықтар тарапынан жүзеге асырылуы керек. Бұл мәселеде ешқандай күмән болмауы керек», – деді ол.

«Кеше өте маңызды күн болды. Газада екі жылдан бері жалғасып келе жатқан геноцидті тоқтату үміті пайда болды. Түркия бастан-ақ президентіміздің басшылығымен үлкен күш-жігер жұмсады. Бұл үдерісте біз Ислам әлемімен және басқа серіктестермен бірлескен күш-жігерімізді үйлестіру мәдениетін дамыттық», – деп қосты ол.

ҚатыстыTRT Қазақ - Президент Ердоған: «Түркия Газадағы атысты тоқтату келісімінің орындалуын қадағалайды»

Фидан сондай-ақ халықаралық қауымдастықты да осы мәселеге жұмылдыруға тырысып жатқандарын айтты. «Біз қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік мекемелерді жұмылдырып, барынша күш салдық. Бүгінгі нәтижеге бірге жеткенімізге шын жүректен қуаныштымыз. Енді қан төгуді тоқтатып, палестиналық бауырларымыздың азабын жеңілдетуге үміт бар», – деді ол.

Фидан осы кезеңнен бастап алдарында бірнеше маңызды мәселе тұрғанын, қазіргі таңда келісімнің төрт мақсаттан тұратын бірінші кезеңін іске асыру керектігін атап өтіп, «Алдымен атысты тоқтату, тұтқын алмасу, гуманитарлық көмектің үзіліссіз әрі шұғыл түрде басталуы, Израиль әскерінің шегінуі. Бұл келісімнің бірінші кезеңінде іске асырылатын жоспар. Бұл үдерістің барлығын бақылау қажет. Келісім мәтініндегі тиісті бапқа сәйкес, Түркия да осы іске асыру үдерісіне қатысатын болады», - деді.

«Маңызды нәтижелер»

Фидан кездесуге қатысты ақпарат бере отырып, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше жеті елдің Сыртқы істер министрлері, оның ішінде Түркия және Араб Лигасының өкілдерінің Еуропа Одағындағы әріптестерімен бірге талқылауға қатысқанын айтты.

«Біз кеше жасалған келісімнің нәтижелерін және оның қалай жүзеге асырылатынын мұқият қарастырдық, әсіресе еуропалықтар мен халықаралық қауымдастықтың Газа аймағының экономикасы мен қалпына келуіне және әкімшіліктің жаңғыруына қалай үлес қоса алатынын талқыладық. Бүгін маңызды шешімдерге негіз болатын елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. Мен Еуропа елдерінің министрлері мұны өз елдері мен көшбасшыларына жеткізеді деп сенемін», – деп қосты ол.

Фидан мәселенің шешімінде екі мемлекет негізіндегі шешімнің маңыздылығына назар аударып, бұл ұстанымның мәселені шешудегі басты рөл атқаратынын бәрінің мойындауы қуантатынын айтты.

«Егер қалпына келтіру және жоспарларды жүзеге асыру Газаны 2023 жылдың 7 қазанына дейінгі жағдайға қайтаратын болса, онда болашақта тағы бір соғысқа тап боламыз. Білесіздер, 7 қазанға дейін Газа ашық аспан астындағы түрме сияқты болатын», -деп, Газада еркін сауда да, дербес экономика да болмағанын, бәрінің Израильдің бақылауы мен шектеулеріне тәуелді болғанын атап өтті.

Нетаньяху бейбітшілік мәселесінде сенімсіз адам

Фидан ислам әлеміндегі актерлар кейбір мәселелерді енді жақсырақ түсіне бастағанын атап өтіп, былай деді: «Біз олардың «біріксек қана көп нәрсеге қол жеткізе аламыз» деген сенімде екенін көріп отырмыз. Шын мәнінде кейбір нәрсе біздің тағдырымыз емес. Мықты жігер, еңбек, кәсібилік және тәуелсіз ой қажет. Мұны аңғара білудің өзі үміт ұялатады. Менің ойымша, бұл жаңа рух тек Палестина мәселесін шешуде ғана емес, аймақтағы өзге де түйткілдерді шешуде Түркияның маңызды рөл атқаруына мүмкіндік береді», - деді.

Фидан Газа бойынша атысты тоқтату туралы келісімге сілтеме жасап, оның үлкен үміт тудырғанын атап өтті. «Алайда әрдайым жаңа мәселелердің туындауы мүмкін екенін ұмытпау керек. Нетаньяхудың жағдайы бәріне мәлім. Оның бейбітшілік мәселесінде қаншалықты сенімсіз адам екенін жақсы білеміз. Израиль соғысты қайта бастауы мүмкін. Бірақ халықаралық қауымдастық қазір бұған қарсы сақтық жағдайында. Қалай болғанда да, тұтқындар мәселесі шешілген соң Израиль өз әрекеттерін ақтай алмайды. Әрине іс жүзінде қиындықтар туындауы мүмкін. Бұл - табиғи нәрсе. Бірақ мұндай жағдай бізді үмітсіздікке итермеуі тиіс. Біз кәсіби түрде жұмысымызды жалғастыра береміз», - деді ол.

 

Іздеу
Түркия елші Мехмет Гүллүоглуны Палестинаға гуманитарлық көмек координаторы етіп тағайындады
Түркия Қорғаныс министрі: «Газа миссиясына дайынбыз»
Түркия мен Индонезия Анкара форумында стратегиялық байланыстарын тереңдетті
Түркия Солтүстік Кипр Түрік Республикасы парламентінің шешімін құптады
Түркияның 17-ші «Жақсылық кемесі» Газаға аттанды
Түркия, Мысыр, Катар және АҚШ Газа бітім келісіміне қол қойды
АҚШ президенті Трамп президент Ердоғанға алғыс білдірді
Трамп Түркияның рөлін жоғары бағалады
Анкарада қауіпсіздік тақырыбы талқыланды
Түркия Инновация апталығында жасанды интеллект пен медиа талқыланды
Президент Ердоған: «Түркия Газадағы атысты тоқтату келісімінің орындалуын қадағалайды»
“TRT World Forum 2025” жуырда басталады
Түркия Газаға жедел гуманитарлық көмек жеткізуге шақырды
Президент Ердоған Палестинаға қолдау көрсетуді жалғастыратынын айтты
"TRT World" видеолары "Lovie Awards" финалына шықты
Ердоған: «Түркия–АҚШ қатынастарында жаңа кезең басталды»