ТҮРКИЯ
3 ... минут оқылды
Президент Ердоған: «Израиль бітім шартын бұзуда»
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Газаны қайта қалпына келтіру мәселесі бойынша Парсы шығанағы елдерінің басшыларымен келіссөздер жүргізді. Ердоған Кувейт, Катар және Оманның қалпына келтіру жұмыстарына қолдау білдіріп отырғанын айтты.
Президент Ердоған: «Израиль бітім шартын бұзуда»
Президент Ердоған: «Израиль бітім шартын бұзуда» / Turkish Communications Directorate
24 Қазан 2025

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Газа аймағында қызмет атқаратын халықаралық миссия құру жөніндегі келіссөздің жалғасып жатқанын және оның егжей-тегжейлері әлі де нақтыланып жатқанын мәлімдеді.

«Бұл көп қырлы мәселе болғандықтан, көлемді келіссөздер жүргізілуде», – деді. Ердоған жұма күні Кувейт, Катар және Оманға жасаған сапарынан қайтар жолда ұшақта журналистерге берген сұхбатында. Ердоған: «Біз Газаға барлық қолдауды көрсетуге дайынбыз. Қазір инфрақұрылымдық жұмыстарымыз жалғасып жатыр», - деді.

ҚатыстыTRT Қазақ - Ердоған Парсы шығанағы сапарын аяқтады

Түркия Газа аймағында бітімнің сақталуы үшін халықаралық күш-жігерді күшейтуге талпынып келеді.

Президент Ердоған: «ХАМАС  бітім шарттарын толықтай орындауда. Тіпті табандылықтарын ашық жеткізіп отыр. Ал Израиль болса, бітімді бұзуды жалғастыруда. Америка Құрама Штаттарының бастамасымен халықаралық қауымдастық Израильдің бітім мен келісім шарттарын толық орындауын қамтамасыз ету үшін белсенді болуы керек», - деді.

Президент сондай-ақ осы үдерісте Израильге дипломатиялық қысым көрсетудің маңыздылығына тоқталып, санкциялардың енгізілуі мен қару-жарақ сатылымының тоқтатылуы Израильді өз міндеттерін орындауға мәжбүр етуі мүмкін екенін айтты.

Түркияның гуманитарлық көмек және қайта қалпына келтіру бастамалары

Президент Режеп Тайып Ердоған Түркияның Газаға үздіксіз гуманитарлық көмек жеткізуді жалғастыратынын және соғыстан қираған аймақтың қайта қалпына келтірілуінде маңызды рөл атқаруға міндеттеме алғанын мәлімдеді. «Газа қайта жаңғырып, еңсесін көтереді. Бұған ешкімнің күмәні болмасын», - деді мемлекет басшысы. «Біз көмекті Мысырға жөнелтуді ешқашан тоқтатқан емеспіз, тоқтатпаймыз», – деп қосты ол.

Ердоғанның айтуынша, Түркияның 17-ші «Қайырымдылық кемесі» гуманитарлық жүкпен бірге Мысырдың әл-Ариш портына жетті. Түркияның мемлекеттік мекемелері мен үкіметтік емес ұйымдары Газада жойылған инфрақұрылымды қайта салу үшін дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Президент: «Газадағы бауырларымыз Израильдің адам төзгісіз қоршауының кесірінен бәріне мұқтаж жағдайда. Бұл қалыпты жағдай. Енді сөзге емес, нақты іске көшетін кез келді»,-деді.

Газа аймағын қайта қалпына келтіру бойынша аймақтық үйлестіру

Президент Режеп Тайып Ердоған аймаққа сапары барысында Парсы шығанағы елдерінің басшыларымен Газаның қалпына келтірілуі мен қайта жандандануы мәселелерін талқылағанын және Кувейт, Катар мен Оманның бұл бағытта берік әрі шынайы ұстаным танытқанын атап өтті.

Мемлекет басшысы: «Газаны тек Түркияның немесе тек Мысырдың не басқа бір Парсы шығанағы елінің өз күшімен қалпына келтіруі мүмкін емес. Біз мұны бәріміз бірігіп, ынтымақтаса жүзеге асырамыз», - деді.

Ердоған сондай-ақ Катардың Палестинаға ұзақ жылдар бойы көрсетіп келе жатқан қолдауын жоғары бағалап, Газаны «Ислам әлемі үшін үлкен сынақ» деп атады. Ол Түркияның министрлері мен аймақ елдерінің тиісті құрылымдарының тұрақты үйлестіру жұмыстарын жалғастырып жатқанын да атап өтті.

ҚатыстыTRT Қазақ - Түркия Газа секторындағы қалпына келтіру жұмыстарына қолдау көрсетуге уәде береді

Түркия Украина үшін бейбітшілік бастамаларына алаң ұсынуға дайын

Украинадағы соғыс тақырыбына тоқталған президент Режеп Тайып Ердоған Будапештте өтеді деп жоспарланған АҚШ–Ресей саммитінің уақытша тоқтатылғаны туралы хабардан кейін Түркияның Мәскеу мен Киев арасындағы жаңа келіссөздерге алаң ұсынуға дайын екенін тағы бір рет қайталады.

Ердоған: «Түркияның немесе Стамбулдың бейбітшілік жолындағы маңыздылығы тағы да айқын көрініп отыр», - деді.

Мемлекет басшысы сөзін жалғастырып, «Біз екі тараппен де жақсы қарым-қатынастамыз және екі жақтың да сеніміне ие болған елміз. Бұл жағдай бізге бейбітшілік жолында артықшылық береді, әрі біз осы мүмкіндікті адамзат игілігі үшін пайдалануға бел будық», – деп атап өтті.

Іздеу
Түркия Таяу Шығыстағы шиеленістің ушығуына алаңдаулы
Бейрутта 2 адам қаза тапты
Таяу Шығыстағы соғыс мұнай жеткізіліміне ең ауыр соққы болды
Түркияның Тәуелсіздік маршы 105 жаста
Ресей Украинаны «террорлық шабуыл» жасады деп айыптады
Мұнай бағасы артты
«Израиль соғыс басталғалы 6 000-нан астам әуе соққысын жасады»
Президент Ердоған: «Соғыс ушықпай тұрып тоқтатылуы керек»
Кремль: «Ресей, Украина, АҚШ арасындағы келесі келіссөз Стамбулда өтуі мүмкін»
Солтүстік Корея екінші қанатты зымыран сынағын өткізді
Еуроодақ Израильді заңсыз қоныстанушылардың зорлық-зомбылығын тоқтатуға шақырды
Израильдің шабуылынан 16 адам  қаза тауып, 26 адам жараланды
"Украинадағы бейбітшілік келіссөздері Иран соғысына байланысты тоқтап қалмауы керек"
Галатасарай өз алаңында жеңіске жетті
Иран әйелдер футбол құрамасының мүшесі Австралиядан баспана алу шешімінен бас тартты