АҚШ президенті Дональд Трамп Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (APEC) саммитіне қатысу және Қытай мемлекет басшысы Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путинмен алғаш рет үшжақты кездесу өткізу үшін Қытайға келді. Кездесуде Иран мен Украинада жалғасып жатқан соғыстар аясында «жаһандық бейбітшілік» мәселесі талқыланады.
Қытайдың оңтүстігіндегі Шэньчжэнь қаласында бейсенбі күні өтуі жоспарланған үшжақты келіссөзде ядролық қарусыздану, Ресей-Украина соғысы, Иран және жаһандық саудаға қатысты тақырыптар күн тәртібіне келеді. Ресми Бейжің көшбасшылардың Иран мен Украинадағы соғыстармен қатар, Израильдің Газаға бағытталған шабуылдары жалғасып жатқан тұста «жаһандық бейбітшілікке қатысты мәселелерді» қарастыратынын хабарлады.
Үш көшбасшы бейсенбі күні таңертең APEC саммитінде сөз сөйлегеннен кейін, Трамп пен Си Цзиньпин екіжақты кездесу өткізеді. Одан соң үш елдің басшылары Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңде алғаш рет ұйымдастырылып отырған үшжақты форматтағы келіссөз үстеліне отырады.

Трамп бұған дейін жасаған мәлімдемесінде: «Біз ядролық қарусыздану мәселесін талқылаймыз», – деген болатын. Ядролық қаруы бар елдердің өз арсеналдарынан бас тартуының қиындығына назар аударған Трамп соған қарамастан көшбасшылардың «көп нәрсеге қол жеткізуге мүмкіндігі бар» екенін атап өтті.
Путин, Ким және Карнимен ықтимал кездесулер
Кремльдің сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі Юрий Ушаков Путин мен Трамптың сәрсенбі күні кешке өтетін салтанатты қонақасыда жүздесуі мүмкін екенін, сондай-ақ саммит барысында бірнеше рет кездесу өткізу ықтималдығы да бар екенін айтты. Ресейдің ТАСС ақпарат агенттігіне сұхбат берген Ушаков кездесудің форматы қандай болса да, екі көшбасшының жан-жақты пікір алмасатынын жеткізді.
Трамп пен Путин соңғы рет 2025 жылғы 15 тамызда АҚШ-тың Аляска штатындағы Анкоридж қаласында орналасқан Эльмендорф-Ричардсон бірлескен әскери базасында бетпе-бет кездескен болатын. Содан бері Путин АҚШ өкілдерімен тұрақты байланыстарын жалғастырып келеді.
Канада премьер-министрі Марк Карни де сәрсенбі күні жасаған мәлімдемесінде күннің екінші жартысында Трамппен кездесетінін хабарлады.
Сонымен қатар Трамп өңірлік сапары аясында Солтүстік Корея көшбасшысы Ким Чен Ынмен де кездесуі мүмкін екенін айтып, «Мүмкін» деп жауап берді. Алайда ресми Пхеньян ықтимал кездесуге қатысты әзірге ешбір мәлімдеме жарияламады.






















