Эрбиль мен Бағдат Түркияның Джейхан порты арқылы мұнай экспорттау жөнінде келісімге келді
Иранға қарсы соғыс аясында Ормуз бұғазының жабылуы жаһандық энергия нарығын шайқалтып, бағаның өсуіне әкелді. Ал Эрбиль мен Бағдат солтүстіктегі мұнай құбыры арқылы экспортты қайта бастауға шешім қабылдады.
Күрдістан аймақтық үкіметі сейсенбі күні аймақ арқылы Түркияның Джейхан портына мұнай экспортын қайта бастау жөнінде Бағдатпен келісімге келгенін мәлімдеді.
«X» желісінде жарияланған мәлімдемеде Күрдістан аймақтық үкіметі премьер-министрі Мәсрур Барзани аймақ ел алдында тұрған төтенше жағдайлар мен осы қиын кезеңді еңсеру үшін мұнайдың құбыр арқылы мүмкіндігінше тезірек өтуіне рұқсат бергенін айтты.
Ирак ақпарат агенттігінің мәліметінше, Ирактың Мұнай министрі Хайян Абдулгани шикі мұнай экспорты Түркияның Джейхан порты арқылы сәрсенбі күні жергілікті уақытпен 10:00-де қайта басталатынын хабарлады.
Ирак Мұнай министрлігі жексенбі күні жасаған мәлімдемесінде өңірлік дағдарыс пен Ормуз бұғазындағы кеме қатынасына байланысты қиындықтарға қарамастан, солтүстік құбыр желісі арқылы Түркияның Джейхан портына мұнай экспортын қайта бастауға дайын екенін жеткізген еді.
Алайда министрлік Күрдістан аймақтық үкіметінің Табиғи ресурстар министрлігінің бұған дейін құбыр арқылы экспортты қайта бастауға қарсы болғанын және Бағдатқа шикі мұнай экспортына қатысы жоқ бірқатар шарт қойғанын атап өтті.
Мұнай министрлігі бұл шарттарды экспорт қайта басталғаннан кейін де талқылауға болатынын айтып, үзілістің жалғасуы Иракты оңтүстіктегі экспорттың тоқтауынан туындаған шығындарды өтеуге мүмкіндік беретін маңызды қаржы көздерінен айыратынын ескертті.
Барзани сейсенбі күні Бағдаттағы федералдық үкіметпен импорт және саудаға қойылған шектеулерді алып тастау және мұнай-газ компанияларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша келіссөз жалғасатынын айтты. Ол сондай-ақ қолдауы үшін АҚШ-қа алғыс білдірді.
Бұл оқиға Иран Ислам революциялық гвардиясы 28 ақпанда басталған АҚШ-Израиль шабуылдарына жауап ретінде Ормуз бұғазын кемелер үшін жауып, әлемдік энергия нарығында алаңдаушылық күшейген кезеңде болды.
Қақтығысқа дейін бұл бұғаз арқылы күніне шамамен 20 миллион баррель мұнай тасымалданатын. Бұғаздың жабылуы мұнай бағасының өсуіне себеп болды.
АҚШ-тың Түркиядағы елшісі және Сирия бойынша арнайы өкілі Том Баррак Эрбиль мен Бағдатқа келісімге келгені үшін алғыс айтты. Ол «X» желісінде «Энергия экспортын қайта жандандыру және өңірдің әл-ауқатын арттыру үшін келісімге келген Эрбиль мен Бағдатқа алғыс айтамыз», – деп жазды.
Баррак олардың батылдығы, ынтымақтастығы және дипломатияға адалдығы аса құнды екенін айтып, АҚШ-тың бұл үдерісті қолдауға толық дайын екенін жеткізді.
Үкіметтің мәліметінше, Барзани Барракпен телефон арқылы сөйлесіп, тараптар Күрдістан өңірі, Ирак және Таяу Шығыстағы жағдайды талқылаған. Баррак АҚШ президенті Дональд Трамптың сәлемін жеткізіп, Күрдістан үкіметінің Түркия арқылы мұнай экспортын қайта бастау үшін Бағдатпен ынтымақтасуға дайын екенін жоғары бағалады.
Барзани келіссөздердің жалғасып жатқанын айтып, делегациясына қазіргі жағдайда азаматтардың мүддесіне сай экспортты қайта бастау үшін барлық жағдайды жасауға тапсырма бергенін мәлімдеді. Ол сондай-ақ АҚШ-ты Эрбиль мен Бағдат арасындағы келіссөздерде, әсіресе кеден және сауда шектеулері мәселесінде, бақылаушы әрі қолдаушы рөлін жалғастыруға шақырды.
Иран 28 ақпанда басталған АҚШ пен Израильдің бірлескен шабуылдарынан кейін Ормуз бұғазын жапты. Бұл шабуылдарда шамамен 1300 адам қаза тапты. Олардың арасында Иранның рухани көсемі Әли Хаменей де бар.
Иран жауап ретінде Израильмен қатар АҚШ-тың әскери нысандары орналасқан Иордания, Ирак және Парсы шығанағы елдеріне дрон және зымырандар арқылы соққы берді. Бұл шабуылдар адам шығыны мен инфрақұрылымға зиян келтіріп, жаһандық нарық пен әуе қатынасына әсер етті.