Түркия мен Сауд Арабиясында орналасқан «ACWA» компаниясы биыл Анталияда өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымының климат жөніндегі «COP31» саммиті аясында қуаты 5 гигаватт болатын жаңартылатын энергия саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің екінші кезеңіне қол қоюға дайындалуда. Бұл туралы «ACWA» директорлар кеңесінің төрағасы Мохаммад Абунайян Aнадолы агенттігіне мәлімдеді.
Қол қойылуы жоспарланған келісім үкіметтер арасында келісілген 3 гигаваттық қуатты қамтиды. Осы апта Түркияның Сивас және Караман аймақтарында жүзеге асырылатын алғашқы 2 гигаваттық күн электр станциялары жобаларына қатысты келісімге қол қойылған болатын.
Абунайян жұма күні Стамбулда өткен Сивас және Ташели күн электр станциялары бойынша қол қою рәсімі аясында Aнадолы агенттігіне берген сұхбатында «COP31»-ге дейін жаңартылатын энергия және энергия сақтау саласында 3 гигаваттық келісімге қол қоямыз», - деді.
Абунайян жаңа кезеңнің күн, жел және энергия сақтау жобаларынан тұратынын атап өтіп, компания алғашқы 2 гигаваттық күн жобаларына энергия сақтау жүйелерін біріктіру мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты.
Осы аптада қол қойылған алғашқы кезең ˗ 3 ақпанда Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның Сауд Арабиясына сапары кезінде келісілген 5 гигаваттық кең ауқымды жоспардың бір бөлігі. Абунайян экологиялық келісімдер аяқталғаннан кейін 2 гигаваттық күн қуатының құрылысы келесі жылы басталуы мүмкін екенін, ал алғашқы электр энергиясын 2028 жылдың басында беру жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

«Бұл 2 гигаваттың алғашқы электр қуатын 2028 жылдың басында жүйеге береміз және 2028 жылы толық өндіреміз», - деген Абунайян жобаны «өте жылдам ілгерілеп жатқан жоба» деп сипаттады.
«COP31» саммиті 9–20 қараша аралығында Анталия қаласында өтеді, ал көшбасшылар саммитін Стамбулда өткізу жоспарлануда. Шамамен 200 ел қатысатын БҰҰ климат келіссөздерінде Париж келісімін жүзеге асыру, шығарындыларды азайту, бейімделу шаралары, климаттық қаржыландыру және көміртек нарығының механизмдері талқыланады.
Түркияның мақсаты - жаңартылатын энергия бойынша 120 гигаваттық қуатқа жету
Абунайян алғашқы жобада жергілікті үлес пен түрік мердігерлерінің қатысуы қарастырылатынын айтып, Түркияда бәсекеге қабілетті электр бағасын ұсынатынын мәлімдеді.
Түркияның жаңартылатын энергия стратегиясын мықты деп бағалаған Абунайян елдің 2035 жылға дейін қосымша 80 гигаватт жаңартылатын қуат енгізу мақсатын еске салып, «Бұл жоба… шын мәнінде осы 80 гигаваттың бастамасы», – деді.
Түркия 2035 жылға дейін күн және жел энергиясының қуатын 120 гигаватқа жеткізуді көздеп отыр. Бұл қазіргі деңгейге шамамен 80 гигаватт қосу демек. Осы мақсатқа жету үшін ел жыл сайын шамамен 9 гигаватт жаңа қуат іске қосылуы тиіс.
Абунайян екінші кезеңді климат саммитінің дипломатиялық маңыздылығымен байланыстырып, «Түркия мен Сауд Арабиясы арасындағы серіктестікті бүкіл әлемге көрсету үшін «COP31»-ден артық мұндай ірі мүмкіндік жоқ», - деді. «Түркия мен Сауд Арабиясы тек уәде беріп қана қоймайды, олар нақты жүзеге асырып жатыр», - деп қосты ол.
5 гигаваттық келісім шеңберінде жалпы инвестиция көлемі 4-5 миллиард доллар деңгейіне жетуі мүмкін. Абунайян: «Бұл ынтымақтастық Түркиямен экономикалық байланыстарымызды әлдеқайда күшейтеді», - деп атап өтті.
Қаржыландыру мәселесіне тоқталған ол жобалар жеке капитал мен жобалық қаржыландыру моделі арқылы жүзеге асырылатынын айтты. «Көптеген қаржы институты бұл жобаны қолдайды және оны жүзеге асыруға ықпал етеді», - деді ол.
Сондай-ақ Түркиядағы экономикалық жағдайдың жақсаруы мен кредиттік рейтингтердің өсуіне назар аударған Абунайян қаржыландыру үдерісін 2027 жылы аяқтау жоспарланып отырғанын жеткізді.
Күн мен жел энергиясынан бөлек «ACWA» компаниясы Түркияда жасыл сутек пен теңіз суын тұщыландыру салаларындағы мүмкіндіктерді де қарастырып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңартылатын энергия, сақтау жүйелері және сутек ұзақ мерзімді көміртексіздендірудің негізгі өзегі болады.
«Егер сізде жаңартылатын энергия болса және оның құны өте тиімді болса, онда жасыл сутек туралы ойлануыңыз керек. Жасыл сутек – болашақтың энергиясы», - деді Абунайян.













