Польша премьер-министрі Дональд Туск Украинамен шекарадағы өткізу бекеттерінің біріне төнген «тікелей қауіптің» кеше алдын алғанын мәлімдеді.
Польша бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, премьер-министр Туск Словакия астанасы Братиславада Венгрия, Чехия, Словакия және Ирландия премьер-министрлерімен өткізген бірлескен баспасөз мәслихатында мәлімдеме жасады.
Тусктың айтуынша, Польша мен Украина билігінің ынтымақтастығы арқасында кеше түнде «шекарадағы өткізу бекеттерінің біріне төнген тікелей қауіптің» алды алынды.
Ресейдің Молдовада шекара бекеттеріне қарсы арандатушылық шабуылдар жасап жатқанын айтқан Туск: «Польшаны қоса алғанда, басқа елдерде де Украинамен шекарадағы өткізу бекеттерін нысанаға алатын осындай әрекеттер болуы мүмкін деп болжап отырмыз», - деді.

Туск кеше түнде мұның «алғашқы белгісін» көргенін айтып, Польша диверсиялық әрекеттерді қоса алғанда бұдан да көп арандатушылыққа дайын болуы керек екенін атап өтті.
Түнде болған қауіптің сипаты немесе нақты қай шекара бекеті туралы сөз болып отырғаны жөнінде егжей-тегжейлі ақпарат бермеген Туск: «Польша мен бүкіл Еуропа Ресей-Украина майданындағы жағдай тұрғысынан ғана емес, Еуропалық одақтың шығыс қанатындағы ахуал тұрғысынан да түрлі сценарийлерге дайын болуы керек», - деді.
Туск сондай-ақ алдағы айларда болуы мүмкін оқиғаларға қатысты АҚШ Орталық барлау басқармасының (CIA) директоры Джон Рэтклиффтен тікелей «есеп» алғанын атап өтті.


















