Министрліктің мәліметінше, Анталияда өтіп жатқан COP31 конференциясы аясында Түркияның Ұлттық білім министрлігі ұйымдастырған Түркия климат мектебінде сарапшылардың қатысуымен панельдік пікірталас пен түрлі іс-шара өткізілді.
«Нақты әрекетке көшу: климаттың өзгеруінен туындайтын апат қаупін азайтуда білім берудің кешенді тәсілдері» атты панельдік пікірталасқа Түркия Ішкі істер министрлігіне қарасты Төтенше жағдайлар және апаттар басқармасының (AFAD) Білім беру және ақпараттандыру департаментінің басшысы, Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) Түркиядағы өкілдігінің басшысы және шетелдік ғалымдар қатысты.
Пікірталаста климаттың өзгеруі экстремалды ауа райы құбылыстары, құрғақшылық, орман өрті, су тасқыны мен көшкін сияқты табиғи апаттардың жиілігі мен қарқындылығын арттыратыны айтылды. Сондай-ақ мұндай құбылыстардың инфрақұрылымға ғана емес, қоғамның әлеуметтік-экономикалық құрылымына және білім алудың үздіксіздігін қамтамасыз ету құқығына да тікелей қауіп төндіретіні атап өтілді.
Апат қаупін азайту жолдары талқыланған жиында білім беру жүйесінің қоғамның табиғи апаттар мен климаттық дағдарыстарға төзімділігін арттырудағы шешуші рөліне назар аударылды.

Пікірталасқа қатысушылар климаттық қауіп туралы хабардарлықты нақты іс-әрекетке айналдыру үшін мектеп бағдарламаларын жетілдіруден бастап мұғалімдердің кәсіби әлеуетін арттыруға, мекемелер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және халықаралық тәжірибе алмасуға дейінгі бағыттарды қамтитын жан-жақты әрі кешенді тәсіл қажет екенін атап өтті.
Түркия, Жапония және Қытай тәжірибесі негізінде климаттың өзгеруінен туындайтын апат қаупін азайтудағы білім беру жүйесінің рөлі талқыланып, климаттың өзгеруі мен табиғи апаттар қаупіне қарсы білім беру саласындағы озық тәжірибелер таныстырылды.
«Жасыл болашақ үшін өмір бойы білім алу» тақырыбында панельдік пікірталас өтті
Түркия климат мектебінде «Баршаға арналған жасыл дағдылар: жасыл болашақ үшін өмір бойы білім алу» тақырыбында тағы бір панельдік пікірталас ұйымдастырылды.
Ғалымдар мен сарапшылар қатысқан жиында энергия тиімділігі, қалдықсыз өндіріс пен тұтыну, табиғи ресурстарды орнықты пайдалану және климаттың өзгеруінен туындайтын апат қаупі сияқты мәселелер бойынша қоғамның барлық тобының білімі мен хабардарлығын арттыруға бағытталған мақсаттар мен іс-шаралар талқыланды.
Өмір бойы білім алудың экологиялық дағдыларды қалыптастырудағы рөлі қарастырылған пікірталаста әр жастағы адамдардың экологиялық сауаттылығын арттыру орнықты даму үшін маңызды екені атап өтілді.
Ал «COP31: Жастар үні» атты панельдік пікірталаста ғалымдар мен сарапшылар климаттық білім беру және жастардың климаттың өзгеруімен күрестегі рөлін талқылады.
COP31 конференциясына қатысқан шетелдік қонақтар да Түркия климат мектебіне ерекше қызығушылық танытты. Түрлі елден келген келушілер шеберханаларды аралап, практикалық жұмыстарға қатысты. Шетелдік қонақтар банан талшығынан мата тоқу шеберханасына қатысып, экологиялық таза технологиялармен танысты.






















