Фон дер Ляйен: “Еуропаға гибридті соғыс қаупі төнді”
Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйен соңғы апталарда алаңдаушылық тудырған гибридті қауіптерге байланысты еуропалық билікті жаңа стратегиялар қабылдауға шақырды.
Сәрсенбі күні Страсбургтегі Еуропарламентте Фон дер Ляйен: «Соңғы болған дрон оқиғалары мен әуе кеңістігін бұзатын өзге де әрекеттер Еуропаның дәстүрлі қорғаныс тәсілдерінен тыс шаралармен жауап беруін қажет ететін гибридті соғыспен бетпе-бет екенін көрсетіп отыр», – деді.
Ол бұл жағдайды жай ғана бір қоқан-лоққы емес екенін атап өтіп, «Бұл – азаматтарымызды мазасыздандыруға, біздің табандылығымызды сынауға, Одағымызды бөлуге және Украинаға беріп отырған қолдауымызды әлсіретуге бағытталған жүйелі әрі өршіп отырған операция. Енді мұны өз атымен атау керек. Бұл – гибридті соғыс», – деді.
Фон дер Ляйен барлық оқиғаға Ресей жауапты деп ашық айтпаса да, Мәскеудің Еуропада «жікшілдікті» артыруды көздейтіні айқын екенін жеткізді.
Еуропалық ресми тұлғалардың айтуынша, соңғы кейбір оқиғада Ресей кінәлі.
«Ресейдің гибридті соғысын еңсеру тек дәстүрлі қорғанысқа қатысты емес», – деді фон дер Ляйен. – «Бұл барлығымыз үшін жаңа ойлау тәсілін талап етеді. Біз не шегініп, ресейлік қатерлердің өршуін сырттай бақылаймыз, не оларға бірлікпен, тежеу саясаты және табандылықпен қарсы тұрамыз».