АҚШ президенті Дональд Трамп Конгреске өткен аралық сайлауда республикашылдардың демократтардан жеңілуіне негізінен «Ирандағы соғыс» пен соғыс салдарынан туындаған «қымбатшылық» себеп болғанын айтты.
Дональд Трамп демократтар Конгрестің екі палатасында да көпшілік орынға ие болған аралық сайлау нәтижелеріне қатысты пікір білдірді.
Трамп вице-президент Джей Ди Вэнстің сайлаудағы жеңілісті Ирандағы соғыспен байланыстыруына қатысты: «Менің ойымша, бұл негізінен дұрыс, өйткені соғыс қысқа мерзімде бензин бағасының аздап өсуіне әкелді. Сондықтан бұл пікір дұрыс болуы мүмкін», – деді.
АҚШ президенті Иранның ядролық қаруға ие болуына жол беруге болмайтынын және осы мақсатта тиісті шара қабылданғанын айтып, «Соғыстың бұл мәселеге (сайлауға) әсер ететінін білдім. Алайда әсер етсе де, етпесе де, Иранның ядролық қаруға ие болуына жол берілмейді», – деді.
Трамп сондай-ақ Иранмен соғысқа өкінбейтінін атап өтіп, «Егер мұны қайта жасауға тура келсе, дәл сол әрекетті қайталар едім. Өйткені ұзақ мерзімді тұрғыдан алғанда Иран ядролық қаруға ие болмауы керек», – деді.
Демократтармен тіл табысатын шығармын
Трамп сайлау нәтижесінде Конгресте қалыптасқан жаңа жағдайға қатысты: «Демократтар кедергі келтірмесе, олармен тіл табысатын шығармын. Бірақ бізде вето қою құқығы бар. Олар қазірдің өзінде хабарласып, кейбір мәселелерді талқылағысы келетінін айтты. Сондықтан ешқандай мәселе болмайды», – деді.
Сайлаушылардың таңдауына қатысты сұраққа жауап берген АҚШ президенті, егер сайлау бюллетенінде өз есімі болғанда, республикашылдардың «сөзсіз жеңіске жететінін» мәлімдеді.




















