Президенттің айтуынша, Түркия мен АҚШ қорғаныс, сауда және аймақтық тұрақтылыққа бағытталған жоғары деңгейлі кездесулердің нәтижесінде «жаңа әрі оң кезеңге» қадам басты.
Сәрсенбі күні Әзербайжаннан қайтқан сапарында ұшақта журналистерге берген сұхбатында Ердоған АҚШ-қа жасаған соңғы сапары мен Дональд Трамппен болған телефон әңгімесінің соңғы жылдары екіжақты қатынастарды қиындатқан түйткілді мәселелер бойынша «оң нышан» бергенін атап өтті.
Президент F-35 бағдарламасы мен CAATSA санкцияларының талқыланғанын және Трамптың оң көзқарас білдіргенін жеткізді. «Түркия бұл жобада серіктес, ақысын төлеп, міндеттемелерін орындаған ел. Бізді бағдарламадан шығарудың ешқандай заңды негізі жоқ», – деді ол.
Ердоған жойғыш ұшақ бағдарламасы мен санкциялардың жойылуына қатысты техникалық келіссөздердің жалғасып жатқанын айтып, «Бұл үдерістердің тез арада оң нәтижемен аяқталуын тілейміз. Сапарымыз Түркия–АҚШ қатынастарында жаңа кезең бастады», – деп қосты.
Халықбанк ісі «енді мәселе емес»
Президент Анкара мен Вашингтон арасындағы қатынастарды ұзақ уақыт шиеленістірген Халықбанк ісі іс жүзінде шешілгенін мәлімдеді.
«Құрметті Трамп Америкадағы кездесулерімізде де, соңғы телефон әңгімемізде де ‘Халықбанк мәселесі біз үшін жабылды’ деді. Бұл – маңызды саяси ерік білдіру», – деді Ердоған.
Ол кейбір рәсімдік қадамдар қалғанын, бірақ істің ресми түрде жақында жабылуын күтетінін атап өтті. «Тілегіміз – бұл үдерістердің тез арада оң нәтижемен аяқталуы», – деді ол.

Түркияның Газа мәселесіндегі рөлі
Ердоған Газа мен Сириядағы жағдайды қоса алғанда аймақтық дағдарыстарға тоқталып, Түркияның дипломатиялық және қауіпсіздік үйлестіруін «ең жоғарғы деңгейде» жалғастырып жатқанын айтты.
Анкараның АҚШ, Мысыр және ХАМАС-пен тұрақты байланыста екенін және Түркияның барлау басшысы Шарм-эш-Шейхте өтіп жатқан келіссөздерге қатысып жатқанын жеткізді.
«Түркия барлық шынайы бейбіт бастамаларды қолдайды», – деді Ердоған. Ол Израильді келіссөздерді бұзбауға шақырды. «Басты мақсатымыз – толық әрі тұрақты бітім, үздіксіз гуманитарлық көмек және палестиналықтар үшін Газаны қайта қалпына келтіру», - деді президент.
Сирияға қатысты Ердоған тыйым салынған PKK және YPG топтары мен басқа да сыртқы арандатулардың туғызған тұрақсыздықтарына жол бермейтінін айтты. «Біздің сабырлы, байыпты ұстанымымыз әлсіздік емес. Сирияның аумақтық тұтастығына ешқашан қауіп төндіруге жол бермейміз. Анкара және Дамаскпен үйлесімді жұмыс істегендер ұтады», – деді ол.
Түркия аумақтың держава ретінде дамып келеді
Әзербайжан сапарына тоқталған Ердоған Түркі Мемлекеттері Ұйымындағы Түркияның жетекшілігі енді мәдени ынтымақтастықтан асып түскенін айтты. «ТМҰ енді тек мәдени бірлестік емес, стратегиялық ынтымақтастық платформасы. Барлау, шекара қауіпсіздігі және киберқорғаныс салаларындағы әріптестігіміз тереңдеп жатыр», – деді ол.
Түркияның жаһандық ықпалы Израиль тарапынан қамауға алынған ондаған белсендінің босатылуын қамтамасыз еткен «Sumud» флотилиясы операциясымен тағы бір мәрте көрінгенін жеткізді.
«Бұл Түркияның жедел гуманитарлық және дипломатиялық әрекет ету қабілетін көрсетеді. Біз әрбір заң бұзушылықты құжаттап, дипломатиялық және құқықтық жолмен әділдік іздейтін боламыз», – деді ол.