АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет дүйсенбі күні жасаған мәлімдемесінде Вашингтонның Иранға қатысты ұстанымында барлық ықтимал қадам қарастырылғанын, бірақ Тегеранды келіссөз арқылы келісімге келуге шақырғандарын айтты.
Колорадоға сапары кезінде журналистерге сұқбат берген Хегсет президент Дональд Трамптың дипломатиялық шешімді қалайтынын қайталады. Алайда Иран келісімге келуден бас тартқан жағдайда, АҚШ армиясының ықтимал сценарийлерге арналған жоспарлары дайын екенін жеткізді. «Иран келісімге келуі керек. Иранның келісім жасауға мүмкіндігі бар. Президент қалайтын нәтиже – осы»,- деді.
«Біздің міндетіміз – шешім жолдарын ұсыну. Егер Иран келісімді қабылдамауды таңдаса, біз президентке түрлі нұсқа ұсынамыз», - деді Хегсет. “Әскери соққы әлі де қарастырылып жатыр ма?” деген сұраққа ол «бәрі де келісім үстелінде» деп жауап берді.
Сондай-ақ министр «Шешімді президент шығарады. Біз мұнда келісімге қол жеткізуге көмектесу үшін отырмыз. Менің ойымша Иран үшін тиімді келісім жасау – ең дұрыс қадам», - деп қосты. Ал Трамп дүйсенбі күні АҚШ Қарулы күштері Бас штабының төрағасы, генерал Дэниел Кейннің Иранға қарсы әскери операцияның үлкен тәуекелдерге әкелуі мүмкін екені және АҚШ-ты аймақта ұзаққа созылатын қақтығысқа тартуы ықтимал деген кеңесі туралы БАҚ-та тараған ақпаратты жоққа шығарды.
«Truth Social» әлеуметтік желісіндегі жазбасында Трамп: «Жалған ақпарат тарататын бұқаралық ақпарат құралдарында генерал Дэниел Кейннің Иранмен соғысқа қарсы екені жөнінде ақпарат тарауда. Бұл ақпарат дереккөзге негізделмеген және жүз пайыз жалған», - деді.
Трамп әскери әрекетке қатысты соңғы шешім өзіне тиесілі екенін атап өтіп, «Шешімді мен қабылдаймын. Келісім болғанын қалаймын, бірақ егер келісім болмаса, өкінішке қарай бұл ел үшін де, халық үшін де өте жаман болады. Олар – ұлы, әрі керемет халық, мұндай жағдайға тап болмаулары керек еді», - деді.
Аймақтағы шиеленістің артуы мен ықтимал соғыс туралы болжамдар аясында Иран мен АҚШ делегациялары ядролық келісім бойынша келіссөздерді жалғастыру үшін бейсенбі күні Швейцарияның Женева қаласында қайта кездесуі мүмкін.








