САЯСАТ
4 ... минут оқылды
Әлем көшбасшылары Трамптың Газадағы бітім жоспарын құптады
Өңірлік және жаһандық көшбасшылар ХАМАС-ты тұтқындарды босатуды және қарусыздануды көздейтін АҚШ ұсынысын қабылдауға шақыруда.
Әлем көшбасшылары Трамптың Газадағы бітім жоспарын құптады
АҚШ Президенті Дональд Трамп пен Түркия Президенті Тайып Ердоған Нью-Йорк қаласында өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы аясындағы кездесуде / Reuters

Палестина мемлекеті АҚШ президенті Дональд Трамптың Газадағы соғысты тоқтату жөніндегі ұсынысын құптап, Трамптың бейбітшілікке апарар жолды көрсете алатынына сенім білдірді.

Палестина атынан “WAFA” ақпарат агенттігі арқылы жасалған мәлімдемеде: «Президент Дональд Трамптың Газадағы соғысты тоқтатуға бағытталған шынайы әрі табанды күш-жігерін құптаймыз және бейбітшілікті орнатудың амалын табу қабілетіне сенеміз», – делінді.

Мәлімдемеде Палестинаның АҚШ-пен, өңірлік мемлекеттермен және халықаралық серіктестермен жан-жақты келісімге қол жеткізу үшін жұмыс істеуге дайын екендігі атап өтілді.

Кез келген келісім Газаға гуманитарлық көмектің жеткізілуін, тұтқындар мен қамаудағылардың босатылуын, бейбіт тұрғындарды қорғау механизмдерін және бітімнің сақталуына кепілдіктерді қамтуы тиіс екені айтылды. Сондай-ақ жерді аннексиялауды, күшпен көшіруді және халықаралық құқықты бұзатын біржақты шараларды болдырмауға кепілдік беру талап етілді.

Палестина мәлімдемесінде бұдан бөлек, ұсталып отырған салық түсімдерінің босатылуы, Израильдің толықтай аймақтан шығуы және Газа, басып алынған Батыс Шерия мен Шығыс Иерусалимдегі палестиналық институттардың біріктірілуі қажеттігі де айтылды.

«Тәуелсіз әрі егемен Палестина Мемлекеті Израильмен бейбітшілік пен тату шекараластық орнату жағдайында халықаралық заңдылыққа сәйкес, қатар өмір сүретін екі мемлекетке негізделген әділ бейбітшілік мақсатын тағы да құптаймыз», – делінді мәлімдемеде.

Палестина билігі соғыс аяқталғаннан кейінгі бір жыл ішінде президенттік және парламенттік сайлаулар өткізуді де қамтитын реформалар жүргізуге уәде берді.

Мәлімдемеде Палестинаның «заманауи, демократиялық әрі қарусыз мемлекет құруға, саналуандылық және билікті бейбіт жолмен беруге берік екені» айтылды. Сондай-ақ білім беру реформаларының UNESCO стандарттарына сәйкес келетіні және халықаралық бақылауға бағынатын әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі құрылатыны атап өтілді.

«Өңір халықтары үшін бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында біз АҚШ-пен және барлық тараппен оң және сындарлы жұмыс істеуге дайынбыз», – делінді мәлімдемеде.

Өңірлік көшбасшылардың қолдауы

Түркия және бірқатар араб пен мұсылман мемлекеті АҚШ президенті Дональд Трамптың Газаға қатысты бітім жоспарын құптап, оны жүзеге асыру үшін Вашингтонмен жұмыс істеуге дайын екендерін мәлімдеді.

Сауд Арабиясы, Иордания, Біріккен Араб Әмірліктері, Катар және Мысыр сыртқы істер министрлері жасаған бірлескен мәлімдемеде АҚШ-пен және мүдделі тараптармен ынтымақтасуға дайын екендері айтылды.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған: «Газада қырғын мен атысты тоқтату үшін АҚШ президенті Трамп мырза көрсеткен күш-жігерін және көшбасшылығын құптаймын. Тараптар қабылдайтын әділ әрі тұрақты бейбітшілікті орнату үшін біз де Түркия ретінде бұл процеске үлес қосуды жалғастырамыз», – деді.

Бұл мәлімдемелер Трамптың Вашингтонда Нетаньяхумен бірге өткізген баспасөз мәслихатында Газаға қатысты бітім жоспарының негізгі тармақтарын жариялағаннан кейін айтылды. Ұсынысқа Газада ұсталып отырған израильдік тұтқындарды босату және ХАМАС-тың қарусыздандырылуы кіреді.

Жаһандық қолдау

Әлем көшбасшылары да АҚШ президенті Дональд Трамптың Газадағы соғысты тоқтату ұсынысын құптап, барлық тарапты жоспарды қабылдап, бейбітшілік жолында алға басуға шақырды.

Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер ұсыныс қабылданса, азапты аяқтауға болатынын айтты: «Барлық тарапты келісімді соңына жеткізу және шынайы ету үшін АҚШ әкімшілігімен жұмыс істеуге шақырамыз. ХАМАС енді қаруын тастап, қалған барлық тұтқынды босатуы тиіс», – деді.

Франция президенті Эммануэль Макрон да қолдау білдіріп, Трамптың «Газадағы соғысты тоқтату және барлық тұтқынды босату жөніндегі уәдесін» құптағанын айтты. Макрон: «Израильдің осы негізде табанды әрекет етуін күтемін. ХАМАС-тың басқа таңдауы жоқ, ол барлық тұтқындарды дереу босатып, бұл жоспарға бағынуы тиіс», – деді.

Италия бұл бастаманы бетбұрыс сәті деп бағалады. Премьер-министр кеңсесінен жасалған мәлімдемеде: «Бүгін АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған жоспар дұшпандықты түбегейлі тоқтатып, барлық тұтқынды дереу босатуға және бейбіт тұрғындарға гуманитарлық көмекке толық әрі қауіпсіз қолжетімділікті қамтамасыз етуге жол ашады», – делінді.

Германия сыртқы істер министрі Йоханн Вадефуль Трамптың Газаға қатысты жоспарын «бұл сұмдық соғысты тоқтатуға тарихи мүмкіндік» деп атап, Берлиннің жоспарды жүзеге асыру үшін «нақты қолдау» көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Еуропа кеңесі төрағасы Антониу Кошта да АҚШ бастамасын мақтап, «Президент Трамптың Газадағы соғысты тоқтату жоспарын құптаймын және Нетаньяхудың оң көзқарасынан жігер аламын. Таяу Шығыста бейбітшілікке нақты мүмкіндік беру үшін бастаманы қолдауға шақырамын», – деді. Сондай-ақ ол екі мемлекет шешімін «әділ әрі тұрақты бейбітшілікке апарар жалғыз жол» деп атап өтті.

Норвегия үкіметі де қолдау білдіріп, «Президент Трамптың Газадағы бітім жоспарын құптаймыз. Соғысты тоқтату үшін өңірдегі және өзге серіктестерімізбен тығыз байланыстамыз», – деді.

Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф “X” платформасындағы жазбасында жоспарды құптап, «Палестиналықтар мен израильдіктер арасындағы тұрақты бейбітшілік өңірдегі саяси тұрақтылық пен экономикалық өсім үшін аса маңызды», – деді.

Бұл мәлімдемелер Трамптың Нетаньяхумен бірге Вашингтонда өткізген баспасөз мәслихатында бітім жоспарының негізгі тармақтарын жариялағаннан кейін жасалды. Жоспар Газада ұсталып отырған израильдік тұтқындарды босатуды, ХАМАС-ты қарусыздандыруды және гуманитарлық қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған шараларды қамтиды.

Іздеу
Оман мен Иран Ормуз бұғазы бойынша жұмыс тобын құрды
Швейцариядағы Иран-АҚШ келіссөздерінде не шешілді?
Мәскеу әуежайлары уақытша жабылды
АҚШ пен Иран Швейцариядағы жоғары деңгейлі келіссөздерді аяқтады
Иран: «Ливандағы қақтығысты тоқтату талпыныстары ілгерілеуде»
Зеленский Ресейдің ауқымды шабуылға дайындалып жатқанын мәлімдеді
Еуропалық Одақ: «Бізге Түркия қажет»
Пәкістан АҚШ пен Иран арасындағы меморандумға «делдал» ретінде қол қойды
Ормуз бұғазын қайта ашу жөніндегі тарихи келісім күшіне енуде
АҚШ–Иран келісімі ресми мәртебе алды
Израильдік министр Түркия-Катар-Пәкістан ынтымақтастығы туралы мәлімдеді
Иран баспасөзі: “АҚШ-пен қол жеткізілген келісім мәтіні қол қойылғаннан кейін жарияланады”
Трамп: «Иранмен ауқымды келісім жасалды»
Трамп пен Зеленский «G7» саммиті аясында кездесті
Израиль министрі Бен-Гвир визадағы қиындықтарға байланысты АҚШ-қа жоспарлаған сапарынан бас тартты
Әлемдегі ең бай 500 адамның байлығына бір күнде 336 миллиард доллар қосылды
Ресей: “Киевпен ресми байланыс арнасымыз жоқ”
Иран министрі: “Бейбіт келісімнің алғашқы шарты – Ливандағы атысты тоқтату”
Иран мен АҚШ толық келісімге қол жеткізілгенін хабарлады
АҚШ–Иран жобасы Ормуз бұғазын ашуды көздейді