«Арғықазақ мифологиясы» түрік тіліне аударылды
Қазақтың ұлы перзенті, әйгілі ғалым, мифолог Серікбол Қондыбайдың «Арғықазақ мифологиясы» атты түрік тіліне аударылған кітабының тұсаукесер рәсімі болып өтті.
«Арғықазақ мифологиясы» түрік тіліне аударылды
Серікбол Қондыбайдың «Арғықазақ мифологиясы» атты еңбегінің таныстырылымы / TRT

Қазақстанның көрнекті ғалымы, этнограф және мифолог Серікбол Қондыбайдың «Арғықазақ мифологиясы» атты еңбегінің таныстырылымы Түркия Президенттік Ұлт кітапханасында өтті. Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы Түріксой мұрындық болған іс-шара барысында ғалымның еңбектерінің түркі әлемінің рухани тамырын зерттеудегі маңызы мен қазақ мифологиясының бірегей ерекшеліктері кеңінен сөз болды.

Тұсаукесерге Қазақстан Республикасының Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Еркебұлан Сәпиев, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев, Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов, Маңғыстау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Нұртас Сали, Түріксой Бас хатшысы Сұлтан Раев және Бас хатшының орынбасары Сайт Юсуф, сонымен бірге түрік ғалымдар, мәдениет қайраткерлері, қазақ және түрік студенттер мен БАҚ өкілдері қатысты.  

Түріксой Бас хатшысы Сұлтан Раев беташар сөзінде «Бүгінгі тұсауы кесілген кітап -  Түркиядағы ғылым ортасына үлкен сый. «Арғықазақ мифологиясы» түркі әлемінің ғылым және мәдени ынтымақтастығына жаңа серпін әкелеріне кәміл сенемін. Сондықтан кітапты Түркияда ауқымды аудиторияға таныстыру мақсатында Анкара, Измир және Стамбул қалаларында да насихаттаймыз», – деп атап өтті.

Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев өз кезегінде «Бүгін осынау келелі жиында бәріміздің басымызды қосып отырған  - әлемдік мифологияның дамуына жаңа көзқарас пен серпін әкелген Серікбол Қондыбайдың өшпес рухы. Небәрі 36 жыл ғана ғұмыр кешіп,  оның соңғы 9 жылы төсекке таңылып, мүгедек арбада өткен Серікбол Қондыбай адамзаттың ортақ игілігіне 16 томдық өлмес мұра қалдырды. Оның ғалымдар қауымы арасында «Күн текті қаһарман», «Аңыз құсы» атануы жай болмаса керек. Менің пікірімше, Серікбол – Алла  Тағаланың Жерге ерекше миссиясымен жіберген адамы.  Неге десеңіз, ғылыми кітапханасы жоқ, интернеті жоқ шалғай ауылда төсекке таңылып жатып-ақ әлемді қиялмен кезіп, озық пайымдармен ғылыми ортаны дүр сілкіндірді» деді.

Сөз кезегін ғалымның апасы Балсұлу Қондыбай  алып, бауырының ғылым жолындағы сапарына қалай серік болғанын айта келе, «Мақсатым қалай болғанда ойға алған нәрселерін әрі қарай жасауға шабыт беру еді, мен миссиямды абыроймен атқардым деп ойлаймын. Серікбол қайтыс болған соң қолжазба күйінде қалған 6 кітабы мен 1 аударма кітабын баспадан шығардым.  Әрқашан Серікбол Қондыбай туралы білгісі келген, білгісі келіп ұмтылған мектеп оқушысы, мұғалімдерінен бастап, ғалым, суретші, аниматор, ақын-жазушыға қолымнан келгенше көмек беруге, оларды да қанаттандыруға бар күшімді жұмсап жүрмін» деді.

Сөз кезегін алған «ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясы» Маңғыстау облысы филиалының білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру және ілгерілету кабинетінің доценті Балкенже Ақбердыева «Серікбол Қондыбайдың басты жетістігі – мифологиялық танымды, түркі халықтарының рухани кодын сақтаушы, тұтастырушы ретінде қарастырылуда» деді.  Ғалым Серікбол Қондыбай мұрасының түркі өркениетін танудағы рөліне жоғары баға бере отырып, сөзін  «Оның тұжырымдары түркі халықтарының рухани сабақтастығын айқындап, олардың мәдени идеялық тұтастығына негіз бола алады. Оның мұрасы - біздің кім болғанымызды және одан да маңыздысы кім бола алатынымызды түсінудің басты шарты. Серікбол өзі айтқандай «Біз кімбіз? Қайдан келдік? Қайда бара жатырмыз?  деген сұрақтарға үнемі жауап іздеуіміз керек» деп түйіндеді.

Тұсаукесер барысында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев, Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов және Маңғыстау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Нұртас Салиге Түріксой медалі табысталды.

Анкара төріндегі тұсаукесер «Ақтау Түркі әлемінің мәдени астанасы-2025» атты фото көрмесімен және қазақстандық өнерпаздардың орындауындағы ұлттық әуендермен толықты. Қазақтың халық аспаптарында орындалған туындылар тыңдарманның зор ықыласына бөленді.

Іздеу
Ердоған: "Халқымызды қауіп-қатерден қорғадық"
АҚШ ғарышқа қару орналастырғанын алғаш рет растады
Йемендегі қақтығыстардың шиеленісуі 137,000-нан астам баланың оқуына кедергі келтіруде
Израиль Ливанның оңтүстігіндегі мектепті қиратты
Иран: «Ормуз бұғазының батысында “MQ-1” типіндегі ҰАА атып түсірдік»
Иран: «Көрші елдермен, әсіресе Түркиямен қарым-қатынас жақсы деңгейде»
Сыртқы істер министрі Фидан Әзербайжанға барады
Волейболдан Түркия ерлер құрамасы «CEV 2026» Еуропа чемпионатында Швейцарияны жеңді
Грекияда заңсыз мигранттарды тасымалдаған қайық батып, 1 адам қаза тапты, 25 адам жоғалып кетті
Батыс Фракия түріктері Искечедегі Чынар мешітіне жасалған шабуылды айыптады
Нетаньяхудың партиясы араб депутаттар бар партияларды Кнессет сайлауынан шеттетуге әрекет етуде
Сауд Арабиясының оңтүстігіндегі төрт қалада төтенше жағдайға байланысты ескерту жарияланды
Иран мен БАӘ екіжақты байланысты дамыту және ынтымақтастық аясын кеңейту туралы келісімге келді
Кремль: "Ресей, АҚШ және Украина арасындағы келіссөздер қазанда басталуы мүмкін"
Қазақстандық Рыбакина 2026 жылғы АҚШ ашық чемпионатында жеңімпаз атанды