Черногория түрік туристер үшін визалық талапты алып тастайды
Черногория Сыртқы істер министрі Ибрагимович: «Түркия азаматтарына виза жеңілдігі туралы шешімнің 10–15 күн ішінде қайта күшіне енетініне сенемін», - деді.
Черногория Сыртқы істер министрі Эрвин Ибрагимович Түркияға виза жеңілдігі туралы шешімнің 10–15 күн ішінде қайта күшіне енетініне сенетінін айтты. Ресми сапармен Черногорияда жүрген Германияның Сыртқы істер министрі Йоханн Вадефульмен дүйсенбі күні ел астанасы Подгорицада өткізген бірлескен баспасөз мәслихатында сұраққа жауап берген Ибрагимович: «Біз Премьер-министр (Милойко Спайич) мырзамен тұрақты байланыстамыз. Түркия азаматтарының визасыз жүруіне мүмкіндік беретін шешім 10–15 күн ішінде кері қайтарылады деп сенемін», - деді.
Министрдің айтуынша, визасыз жүру келісімінің уақытша тоқтатылуынан кейін Түркияның Черногориядағы дипломатиялық өкілдіктеріне келушілер күрт көбейген.
25 қазанда бір черногориялық азаматқа шабуыл жасалып, жергілікті БАҚ бұл іске түрік азаматтарының қатысы бар деген ақпарат таратқан болатын. Бұл жағдай Подгорицаның кейбір аудандарында түріктерге қарсы наразылықтың өршуіне себеп болды. Премьер-министр Милойко Спайич түрік азаматтарына арналған визасыз режимді уақытша тоқтату жөнінде мәлімдеме жасаған еді.
Черногория Жоғарғы соты 31 қазанда болған пышақтау оқиғасына қатысы бар деген күдікпен қамауға алынған екі адамның бұл іске байланысы жоқ екендігі анықталған соң босатылғанын хабарлады.