Иран Мәжілісінің ашық отырысында сөз сөйлеген Галибаф АҚШ-пен арадағы шиеленіске қатысты мәлімдемелер жариялады.
АҚШ президенті Дональд Трамп пен басқа да америкалық ресми тұлғалардың мәлімдемелеріне жауап берген Галибаф Иранға бағытталған қоқан-лоқылар мен экономикалық қысымның жалғасуы Вашингтонның Иран алдындағы шарасыздығының көрінісі екенін алға тартты.
Галибаф АҚШ-пен келіссөздер мәселесінде Иранның ұстанымы айқын әрі өзгермейтінін баса айтып, «Бұрын да айтқанымыздай, Иранның 7 шарты орындалмайынша ешқандай қадам басылмайды және келіссөз жүргізілмейді», – деді.
АҚШ-тың ықтимал шабуылдарына жауап беруге дайын екендерін жеткізген Галибаф: «Дұшпан қателік жасаған жағдайда, соғыс географиясын өзгертуді қоса алғанда, шешуші жауап беруге дайынбыз», – деді.
Тегеран әкімшілігі АҚШ-пен жан-жақты келіссөздердің басталуы және Ормуз бұғазының ашылуы үшін алға тартқан 7 шарттың орындалуын талап етіп отыр.
Иранның АҚШ-қа қойған талаптарының қатарында теңіз блокадасын алып тастау, Ормуз бұғазы арқылы сауда және мұнай кемелерінің қауіпсіз өтуіне кепілдік беру, Тегеранға қарсы біржақты санкцияларды жою, Иранға мұнай экспорттау жеңілдігін беру, бұғатталған активтерді босату және барлық майдандарда соғысты тоқтату сияқты шарттар бар.

















