Израиль армиясы Кунейтра маңындағы Сайда әл-Голан елді мекеніне басып кірді
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Израильдің әскери көліктері Кунейтраның оңтүстігіндегі Сайда әл-Голан елді мекеніне басып кірген.
Израиль армиясының жексенбі күні Сирияның оңтүстік-батысындағы Кунейтра маңындағы ауылға басып кіргені хабарланды.
Сирияның мемлекеттік ақпарат агенттігі «SANA»-ның мәліметінше, таңертең Израильдің бес әскери көліктен құралған жасағы Кунейтраның оңтүстігіндегі Сайда әл-Голан елді мекеніне кіріп, біраз уақыттан кейін қайта шегінген.
Израиль күштері сонымен қатар Дера уәлаятының батысында орналасқан Мария ауылына да рейд жүргізген.
Соңғы уақытта Кунейтра аймағында Израильдің жасырын ену оқиғалары жиілеген. Жергілікті тұрғындар Тель-Авивтің ауыл шаруашылығы жерлерін басып алып, жүздеген гектар орман алқабын жоюына, тұрғындарды қамауға алуы мен әскери бақылау бекеттерін орнатуына алаңдаулы екендігін жеткізуде.
Үкімет деректеріне сәйкес, Израиль әскері 2024 жылдың желтоқсанынан бері Сирия аумағына 1 000-нан астам әуе соққысын жасап, оңтүстіктегі уәлаяттарға 400-ден астам рейд ұйымдастырған.
2024 жылдың соңында Башар Асад режимі құлағаннан кейін Израиль 1974 жылғы қабылданған Бөлісу келісімін бұзып, әскерлер кірмейтін буферлік аймақты бақылауға алып, Голан жоталарындағы оккупациясын кеңейткен.