Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Исламабадта Пәкістан күштерінің Бас штаб бастығы, фельдмаршал Асим Мунир және премьер-министр Шахбаз Шарифпен кездесті. Келіссөздер барысында Джамму мен Кашмир дауы, Үндістанның Инд өзені суын бөлісу туралы келісімді уақытша тоқтатуы және аймақтық тұрақтылық мәселелері талқыланды.
Әскери штабта өткен кездесуде Мунир мен Гутерриш аймақтағы жағдайды, БҰҰ-ның рөлін, трансшекаралық терроризмді және Үндістанның өткен жылы екіжақты Инд су келісімі аясындағы су ресурстарын бөлу тетіктерінің жұмысын тоқтата тұру туралы шешімін талқылады.
Пәкістан күштерінің баспасөз қызметі Қарулы күштердің қоғаммен байланыс жөніндегі басқармасы таратқан мәлімдемеге сәйкес, Мунир Пәкістанның әлемде бейбітшілікті сақтауға бағытталған күш-жігерін жалғастыратынын атап өтті.
Ал Гутерриш Исламабадтың аймақтық қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге бағытталған күш-жігерін жоғары бағалады.
Дипломатиялық бітімгерлік
Сыртқы істер академиясында дипломаттар алдында сөз сөйлеген Гутерриш қалыптасып келе жатқан көпполярлы әлемдік тәртіп тұрақтылыққа кепілдік бермейтінін ескертті. Сондай-ақ халықаралық құқық нормаларының әлсіреп бара жатқанын және қарыздың артуы жаһандық дамуға кедергі келтіріп отырғанын атап өтті.
Таяу Шығыстағы жағдайға да тоқталған Гутерриш Палестина мен Израиль мәселесін екі мемлекет негізінде шешу мүмкіндігінің толық жойылуына жол беруге болмайтынын мәлімдеді.
БҰҰ Бас хатшысы климаттың өзгеруін дамушы елдерде мәжбүрлі көші-қонды күшейтіп, табиғи ресурстар тапшылығын ушықтыратын қауіпті фактор деп атады. Сонымен қатар жасанды интеллектті басқару саласында барлық елдің мүддесін ескеретін халықаралық жүйе қалыптастыруға шақырды.
Ал Пәкістан Сыртқы істер министрі Исхак Дар елінің дипломатиялық басымдықтарына тоқталып, халықаралық құқықты, мемлекеттердің аумақтық тұтастығын және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларын сақтау қажеттігін атап өтті. Ол Палестина мен Кашмир мәселелерінің әділ шешілуін халықаралық көпжақты ынтымақтастықтың тиімділігін көрсететін негізгі өлшемдер деп бағалады.
Гутерриш БҰҰ Бас хатшысы ретіндегі екінші өкілеттік мерзімі желтоқсанда аяқталар алдында Пәкістанға жасаған үш күндік жұмыс сапарын бейсенбі күні аяқтайды.

















