«Қанды Рождество» қырғынына 62 жыл

Түркия Сыртқы істер министрлігі 1963 жылы Кипр грек террористік ұйымы EOKA шабуылында шейіт болғандарды құрметпен еске алды.

By
«Қанды Рождество» қырғынына 62 жыл / Anadolu Agency

Түркия жексенбі күні 1963 жылы Кипр грек террористік ұйымы EOKA мүшелері жасаған «Қанды Рождество» қырғынында 62 жыл бұрын қаза тапқан Кипр түріктерін еске алды.

Түркия Сыртқы істер министрлігі «Nsosyal» платформасында жариялаған мәлімдемеде «Гректердің жабайы шабуылдары салдарынан қаза тапқан барлық кипрлік түрік бауырларымызды еске алып, ардагерлерімізге алғысымызды білдіреміз», – делінген.

Мәлімдемеде сондай-ақ Түркияның «Кипрдің ұлттық күресі» жолында жандарын пида еткен шейіттерді ешқашан ұмытпайтыны ерекше атап өтілді.

Вице-президент Джевдет Йылмаз: «Тарихтың ақтаңдақ беттері»

Вице-президент Йылмаз құрбандарды еске алып, Қанды Рождествоны «тарихтың ақдаңдақ беттері» деп атады.

Йылмаз «Nsosyal» платформасында жариялаған жазбасында бұл қырғын террористік EOKA ұйымының Кипр түріктерін жоюға және аралды басып алуға бағытталған әрекеті екенін, алайда бұл арам пиғылдың Түркиямен иық тірескен Кипр түрік халқының табанды қарсылығының арқасында жүзеге аспағанын айтты.

Қырғында қаза тапқандармен бірге Кипр түріктерінің көшбасшысы Фазыл Күчүк пен президент Рауф Райф Денкташты да еске алған Йылмаз: «Түркия мен Cолтүстік Кипр Түрік Республикасы мәңгілік бірге», - деді.

Сондай-ақ мәлімдемеде «Осыдан 62 жыл бұрын, бүгін, грек террористік ұйымы EOKA мүшелері Кипр түрік халқына қарсы аяусыз шабуылдарының бастауы болған Қанды Рождество қырғынын жүзеге асырды. EOKA террористері кепілгер Түркияның мызғымас қолдауы мен Түрік Қарсыласу Ұйымының қаһарман мүшелері бастаған еркіндік пен егемендік үшін күрескен Кипр түріктерінің батыл шайқасының арқасында мақсаттарына жете алмады», - делінді.

Қанды Рождество

Бұл еске алу шаралары 1963 жылы 21 желтоқсанда EOKA террористік ұйымының содырлары аралдағы кипрлік түріктерге қарсы ұйымдастырылған «Қанды Рождество» деп аталатын қырғынның 62 жылдығына орайластырылып отыр.

Террористік EOKA-ға қарасты қарулы кипрлік грек топтары екі тараптың серіктестігі ретінде құрылған Кипр Республикасының құрылымынан Кипр түріктерін күштеп ығыстыруды көздеген Акритас жоспарын жүзеге асыруға талпынды.

1963 жылдың 20-21 желтоқсан түні EOKA-мен байланысы бар грек жасақтары Никосияға шабуыл жасап, ондаған Кипр түрігін қырып-жойды. Бұл әрекеттер ақыр соңында ауқымды зорлық-зомбылық толқынын тұтатты.